Арманға жетелер жол...

       Кез-келген адам күніге бір мезетке болсын қиялға ерік беріп, әр нәрсені армандап шексіз ләззатқа бөленеді. Кейіннен сол арман мақсатқа айналады, көздегенің өміріңнің мәні боп шыға келеді. Мақсат пайда болғаннан кейін ізденісің мен талпынысың мың есе артып, жұмысқа деген құлшынысың күшейіп, қаннатып кетесің. Ештеңеден күдіктенбей, небір сұрқай ойларға жол бермей арманыңа қарай бар күшіңмен зымырап келесің.
       Бір күні, күтпеген жерден сенің алдыңнан кедергі шыға келеді. Біраз күш салып, тырысып ол қиындықтан аттап өтіп, қайтадан сол байырғы мақсатыңа қарай жол тартасың, тек жылдамдығың бәсеңдеп қалған.
       Сәл күтпей-ақ алдыңнан тағы бір кедергі лып етіп шыға келді. Бұл жолғы кедергі көп күш жұмсауыңды талап етті. Қағынып, сүрініп бұл кедергіден де өттің, тек артынша неше түрлі ойлар пайда болды. "Бәлкім, бұл менің жолым емес шығар. Бұрылып кері қайтсам ба екен, әлі де кеш емес қой..." 
         Терең ойдың торланған шырмауынан босанып аяңдап арманыңа келе жатырсың. Дәл сол мезетте, алдыңғыларына қарағанда едәуір үлкен кедергі шықты. Онсызда күдіктеніп келе жатқан санаң,кедергінің көлемін көріп, бұны жеңуге күшің жете қоймас деп, "бұл менің жолым емес" деген үкім шығарады. Сен болсаң, бірде бір күш жұмсамай қиындыққа бой ұсынып қоя бересің. "Сонша еңбегім зая кетті ме? Арманға жұмсаған күш-жігерім, уақытым бекер кетті" деп өзіңді жегідей жеп, ішіңді ашу кернеп, өмірге өкпең артып кері бұрылып келген жолыңмен қайтасың.
         Ал, сенің арманың, сен ойлаған "алынбайтын қамалдың" дәл артында тұр екен. Сен, арманыңнан бір-ақ аттам жерде тұрып кері ораласың.
         Осы шығармамен мен өзімді қанаттандырғым келді. Мен, екінші кедергіден өткелі миымды сансыз ойлар жаулап алды, оларға ерік беріп, тіпті, арманымнан бас тартатын жағдайға дейін бардым. Бірақ, ол бола қоймас.
         Алдыңнан жүз кедергі шықсын, мейлі, тек арманыңнан бас тарттпа. Осы ойды мен өзіме және сіздерге жеткізгім келді.


Бөлісу: