«Әнуарбек Байжанбаевтың» эфирдегі дикторлық ерекшеліктері

 

                                 Журналистика қоғамдық пікірді қалыптастырады, бағыттайды, мемлекеттік және әлеуметтік институттардың қызметіне әсер етеді, әлеуметтік ақпаратты ұйымдастыру тәсілі ретінде қызмет етеді. Бұл азаматтық ұстаным бар қоғамдарда пайда болады. Журналистика өз бетінше ойлауды білетін, қоғамдық және мемлекеттік өмірдің өзекті мәселелерін талқылауды қажет ететін аудиториямен бірге туындайды.

                               Радио – өнер. Радио – ақпарат, шартараптан ең жедел хабар жеткізетін арна. Радио – бизнес көзі. Радио – мектеп. Радио – тарих, өмірдің  өшпес шежіресі. Радио – ғұмыр, мыңдаған адамдардың тағдырына ықпал ететін күш-қуат. Радио – көңіл-күй барометрі, өмірге құштарлық дәнін шашатын бастау бұлақ.

Радиожурналистика – БАҚ құралы ретінде де, өзіне тән ерекшелігі, әдіс-тәсілдері мен жұмбақ қырлары бар ғылым саласы екені баршамызға мәлім. Радиожурналистиканы қазіргі таңда  ғылым ретінде тани аламыз. Ол тіл білімі мен сөйлеу мәдениетін, психология мен әлеуметтануды, тарихи шолу, сондай-ақ философия мен коммуникавистиканы бір арнаға біріктіретін күрделі әрі ұдайы даму, әрдайым өзгерісте жүретін құбылыс. Десе де, осы маңызы зор қарым-қатынастардың ортақ заңдылықтары мен принциптері бар және ол бір жүйеде жұмыс істейді. Ал тікелей эфир – радиожурналистикадағы жедел хабар таратудың кәсіби әдісі, аудиториямен қарым-қатынас кезінде өзгеріске ұшырамайтын және қайталанбайтын құбылыс. Түптеп келгенде, ұжымдық үйлесім мен жүргізушінің психологиялық және лингвистикалық белсенді іс-әрекетінің арқасында жүзеге асатын процесс. Жүргізуші үшін тікелей эфирдегі секунд, минут, сағаттарды табысты өткізу – ерекше қабілеттің, тамаша тапқырлықтың, кәсіби шеберліктің шарықтау шегі десек те болады. Не болса да жүргізуші-журналисте, дикторларда тартымды да, татымды, ұтымды дүниелерді халыққа шынайы жеткізетін кәсіби маман болуы керек.

                                      Диктор – ақпараттық, саяси, жарнамалық материалдарды тікелей эфирде немесе жазба эфирде халыққа жеткізуші маман. Теледидар мен радиода диктор барлық жанрдағы студиялық және студиядан тыс хабарларды жүргізеді. Актерлік шеберлік пен арнайы білімді қажет етпейтін бағдарламаларда диктор мәтіндерді мәнерлеп, әр сөзді түсінікті оқуы тиіс. Спорттық жарыстарда спортшылардың нәтижелерін, командалық спорт түрлерінде – голдардың авторлары, қай ойыншылар ауысып жатқандығын көрермендерге жариялап отырады. Теміржол вокзалдары мен әуежайларда ол ақпараттық хабарламаларды оқиды. Сондай-ақ автобустардың, пойыздардың, ұшақтардың  ұшу, қону уақытын хабарлап отырады. Кәсіпорындарда олар арнайы бағдарламалар мен жедел ақпараттарды сервистік радиохабар тарату желісі арқылы тасымалдайды.  Қазақстанға еңбегі сінген танымал дикторлардың қатарында Ә.Байжанбаев, М.Сейітова, С.Жақанова, М.Сержанов, тағы басқалар бар.

                                Әнуарбек Байжанбаев: "Диктордың негізгі құралы - әуезді әуен, мағыналық және терең мағыналы сөзді жеткізе білу. Сөзді ойнақы түрде оқыңыз, ал сөз жүрекке оңай жете алмайды" – дейді. Бұл байлам әр диктордың жадында болуы тиіс. Диктор мен журналист тығыз қарым-қатынаста болғаны абзал. Бұл мамандықтар біріктіріліп, үйлескен кезде ғана диктордың өнері өзінің тыңдаушысын табады. Мұндай жағдайда оның сөйлеуі құлаққа жағымды, ақылға қонымды, тыңдаушы үшін тартымды. Бірақ біз радионың өзіндік ерекшелігін, оған ғана тән қасиеттері мен мінездерін ешқашан ұмытпауымыз керек.  Қасиетті қара шаңырақ болып саналатын Қазақ радиосында қиын да, күрделі – диктор мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, сөз өнерін жете түсініп, халыққа әсем де, әдемі үнмен хабар таратқан дикторлар жетерлік. Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосында бір кездері бүкіл елді аялаған құдіретті қоңыр үнімен барша жұртқа танылды. Әлемге әйгілі Юрий Левитаннан кейін 1945 жылы Жеңіс бұйрығын эфирге қазақ тілінде тұңғыш хабарлағанда осы Әнекең.

                                                Қазақ радиосының тарихында  Әнуарбек Байжанбаевтың есімі ерекше сақтаулы екені мәлім. Ресейде Юрий Левитанды білмейтіндер жоқ шығар. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы хабарды радиодан жеткізіп, халықтың құрметіне ие болды. Гитлердің өзі : "Қап, бәлем, Мәскеуді басып алған бойда, ең әуелі сенің көмейіңе өз қолыммен қорғасын құярмын-ау" деп өшіккен деседі. Оның қаһарлы дауысы адамның жан сезіміне терең әсер етіп, халықты жігерлендірген. Ал Левитанның дауысына ұқсас Байжанбаевтың дауысы арқылы қазақ жұрты Қазақ радиосының ресми хабарларын тыңдайтын болған. Егер Левитан тек ресми хабарларды оқумен шектелсе, Әнуарбек Байжанбаев барлық жанрларда – хабарлар мен шығармаларды виртуозды оқумен ерекшеленді. Әдеби шығармаларды, өлеңдерді оқығанда, оны жұрт еріксіз тыңдайтын. Қазақ радиосының "Алтын қорында" Әнуарбек Байжанбаевтың оқыған жүздеген шығармалары сақтаулы. Оның құны әлі күнге дейін ең қымбат қазына болып табылады. -"Диктор дегенде көз алдыма Әнекеңнің бейнесі оралады. Әнуарбек Байжанбаев – өзінің тірі кезінде-ақ аңызға айналған адам екенін артық айтсақ қате болмас. Қазақ радиосына 50 жыл бойы жанқиярлықпен еңбек еткен, бүкіл қазақты ерекше дауысымен баурап алған біртуар дарын иесі. Әнуарбек ағаның : "Кейде мен халықпен жіңішке, нәзік сым арқылы сөйлесіп тұрғандай боламын", - дейтіні есімде. Әнуарбек Байжанбаевтың дикторлық мектебі – телерадиоға келген жастарға эфирден оқу, сөйлеу өнерінің тамаша үлгісі болды. Қазақтың қара сөзін қадірлеп өскен ортада тәрбие алған Әнағаң сөздің жүйесін жетік білген, өрнекті өлең өрнегін, салмақты сөз сүлейін қадірлеген. Марқұм әкесі Нығметжан: "Топ жарып шешен сөйлеу – үлкен өнер, өз ойыңды, сөзіңді кемел айта білу де өнер. Шешеннің сөзі мерген, олақтың сөзі орынсыз жамау тәрізді, орынды айтылған сөз орнына қағылған шеге сияқты", - деп отыратын. Әнуарбек Байжанбаев дауыс сарыны, сөйлеу сазы,  дұрыс тыныс алу мен кідіріс, өлең оқудың шеберлігі, дауыс күші, сөйлеу әуені де тележүргізушілер үшін аса маңызды әрі қажетті екендігін жастарған ұғындырып отырған.

                               Әнағаң барда радиохабарды даярлаушы редакторлар мен режиссерлердің де көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын жүретін. Алғыр диктор Әнағаңмен жұмыс істеу кімге болсын ғанибет. "Осы 30 минуттық журнал" десеңіз, соны ол жарты сағатқа шақтап оқиды. "Бұл он минуттық хабар" десеңіз оны да тұп тура он минут етіп шығарады. Мысалы, пленкаға жазылатын он бес минуттық хабар дәл сол он бес минут ішінде пленкаға түседі.

Қазақ радио комитетінде тыңдаушы жұртшылықтан және көрермендерден хатты ең көп алатындардың бірі – Әнағаң. Хат жолдаушылардың арасында көпті көрген қариялар, өмір жолын жаңа бастаған жастар да баршылық. Олардың көбінің айтатын сөзі, білдіретін алғыс сәлемі және сұрайтын ақыл-кеңестері де аз емес еді. Тіпті жаңа ән-күй тыңдағысы келсе де, хаттарды "Диктор Байжанбаевқа" деп жолдайды екен. Сірә, бұл атақты өнер есімі қазақ халқы арасында кеңінен танымал екендігінен болса керек. Радиоға толассыз келіп жатқан хаттар көп. Осы хаттар Қазақ радиосы хабарларының программасын жасауда баға жетпес көмек көрсетеді. Ал тыңдаушы хаттарымен байыпты түрде, үздіксіз жұмыс істеу – тыңдаушылармен байланыстың ең қолайлы түрі. Әнаға хаттардағы келген тілектердің бірде-бірі аяқсыз қалмайтын. Тыңдаушы тілектерінің орындалуын әрдайым қатаң қадағалауда ұстайтын.

                                    Бірде ол талдықорғандық  Тарыбаев Рысбайдан хат алды. Ол Ұлы Отан соғысында болып, бір қолын беріп қайтқан жауынгердің бірі екен. Оның осы еңбегін бағалап, ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, соғыстан кейінгі жылдары Талдықорған "Большевик" колхозын басқару бұйырған. Шаруашылықтың экономикасы мен мәдениетін өрге өрлетуге елеулі үлес қосты. Бірақ оның қабілетін, жұмысын көре алмағандар Тарыбаевтың үстінен арыс ұйымдастырып, әуре-сарсаңға түсіріпті. Осындай күйге ұшырағанын аға диктор Әнуарбек Байжанбаевқа арнайы хат жазып, өзінің адал екенін баяндайды. Ал Әнаға жаладан жапа шеккен жанға араша түсіп, бірнеше ресми лауазымды адамдарға барып, іс тындырыпты. Сөйтіп, сол Рысбайға өз көмегін тигізген. Әрине бұл, шалғайдан ағыла келетін хат иесін көрмей-ақ, жүз біліспей-ақ тілектерін орындайтын, хаттарына тиянақты жауап қайтаратын оқиғалардың бірі ғана. Әнуарбек Байжанбаев – керемет еңбекқор дикторда болған. Ол жас шағында тек қызмет бабымен жүріп тәулік ішінде аз демалған. Басқа уақыттың бәрін еселі еңбекпен өткізген. Мысалы, радиоға алғаш келген кезде диктор күні-түні демалыссыз қызмет еткен. Алғашқы айдарларда үлкенді–кішілі хабарлар, репортаждар, әңгімелер оқып жүріп, біртіндеп көркем сөз оқу жанрына бой бұра бастаған. Әрине, маман болып төселу оңайға соға қойған жоқ. Радиода ер дауысты диктордың жалғыздығының тауқыметін тартты. Әнуарбек Байжанбаев өзі үлгі тұтатын, ұстаз көретін Юрий Борисович Левитанды көзі көрген, өмірінің  сонғы сағатына дейін бірге қызмет істескен дикторларға шешеннің ерен еңбекқорлығы жайлы айтып отырады. Оның шеберлігіне, майталман оқығыштығана қарамастан, оқылатын мәтінді оқуға оңтайлап, өзінің қайтадан көшіріп жазып отыратынын әріптес дикторлар, редакторлар, режиссерлер талай рет көрген. Әнағаның дикторға қажетті қасиеттер жайлы айтқаны:

1. Диктордың саяси, жалпы білімі мен мәдениеті жоғары болуы тиіс. Бұл – біздерге қойылатын негізгі шарттардың бірі.

2. Қай мамандықты болсын, соның ішінде диктор мамандығын да жетілдіріп отырған дұрыс. Сағат санап, творчестволықпен дамытып атқарған жөн. Ал диктордың алған актерлік білімі болса, нұр үстіне нұр, бұл сол мамандықты толық меңгеруге  көп септігін тигізеді.

3. Диктор микрофонға материал оқығанда, оны кімге, қандай аудиторияға арналып отырғанын анық біліп, сөзді, сөйлемді сол мамандық адамдарының талап-тармағына қарай үйлестіре оқуы керек. Егер хабарлар мазмұн жағынан терең, формасы мен әдісі жағынан жүрекке жылы, тыңдаушы көкейіне қонымды болса, олардың мазмұны да әсері де оқылады.

4. "Айтылған сөз – атылған оқ". Осы нақыл әр диктордың жадында әрдайым болуы тиіс. Өйткені ауыздан шыққан сөзді қайтіп қайтарып ала алмайсың! Микрофонға материал оқып отырған есіл-дерті, ақыл-назарың тек соның үстінде болсын.

5. Дикторлық шеберліктің өзіндік құпиясы бар. Саяси мәлімет әдеби туындыдан әлдеқайда ерекше оқылады. Сөйлеу мәнері сөз ұғымымен астарлас болуы шарт. Оған қоса материалдарды алдын ала оқып, танысып алу керек.

                                    Қорыта айтсақ, қазақ радиосының мақтанышы – қазақтың «Левитанына» айналған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев  1943 жылы майданда жараланып, еліне оралған ол сол жылы радиоға диктор ретінде шақырту алды. Өмірінің соңына дейін 50 жылға жуық радиода қызмет етті. Қазақ радиосының алтын қорында бүгінде атақты шешеннің 400-ден астам жазбасы, он мыңға жуық әдеби-музыкалық хабарлары бар.Қазіргі жастар, жас журналисттер, тележүргізушілер осы кісіден үлгі алып, қазақ радиосы одан ары дамытса осының өзі үлкен бір мәртебе.

 

                                    



Бөлісу: