«Алып қашу» дәстүрінде айыпты кім?
блог
Ауылым дегенде өзің бес саусақтай білетін, қарапайым, текеметтің оюындай берекесі келісіп, бірлігі жарасқан жайлы мекен елестейді. Алайда бұрымың белден асып, қылықты қыз атанғаныңда сол кеңпейіл ауылдың бір мінезінен қауіптенесің. Ұялып жүріп, ұнатқан қызын қапыда көлікке тиеп, келіншек ететін ауыл баласының қулығын айтам. Далалық жерде ұят пен абыройдың бәсі жоғары. Ауға түскен су маржанындай шырмалып, шырылдаған сұлулардың көбі тағдыр таңдауынан аса алмайды. Жалпы, бұл істе кінәлі кім? Айыпты жалғыз сияқты. Сүйгеніне сөз айта алмаған соқталдай жігіт не тәуекел деп тас жұтқан көзсіз «батыр».
Алайда тіл-құлағы жоқ қуыршақ емес, бір үйдің байлығы бойжеткенді тыпырлатып көлікке тоғытудың Заң бойынша үкімі - аса ауыр. Сондықтан бұл шаруаға тас түйін дайындалмас бұрын біраз шаруаның шешімін тарқатып алу керек. Иә, бұл қылмыстың қалтарысында не бар? Жастық желік пе әлде жалынды жігер ме? Мүмкін, ішкі есептің мықтылығы болар?
Жақында мынадай оқиға орын алды. Құрбым көптен сөз салып, «өмірлік жұбым бол» деген жігітпен отау құруға уәделесті. Болашақ бақытты күндерін сол сері жігітпен байланыстыратын. Оқуды тәмамдап, диплом алған соң, туған ауыл төсіне тартып отырды. Содан кейін екі-үш-ақ күн өтті. Көрші ауылдағы өзі дос көріп араласатын жігіт алып қашыпты. Ең қызығы өзіне емес. Туған ағасының жан жары болу үшін. «Інісі бардың тынысы бар» деген осы болса керек. Пысық жігіт, оқуын жалғастыру үшін ата-анасының қолын ұзартатын келін әперуді көздейді. Момын ағасының өз еркімен әзір үйленбейтінін білген бауыры мінезі жайдары, ақкөңіл, сабырлы қыздың сертін емес, жолын тосады. Ауылда «ұят» қадірін біліп өскен бұрымдының үлкендер сөзінен аса алмайтынын алдын-ала жоспарлайды. Тіпті қызығы, інісі қаладағы ағасына «Не үшін екенін келгесін айтам. Жұмыстан сұранып кел» деп алдын-ала тапсырып қойыпты. Бауырына сенгендігі сондай, ағасы бір көріп танысқан қызды келіншек етті. Сонда бір үйдің шаңырақ құруы, бір адамның мықты жоспарының арқасында орын алды. Құрбым айтпақшы «бір сағаттың ішінде өмірінің өзгеруіне» кім кінәлі?
Ендеше алып қашудың себептерін іздейік.
Бірінші кінә, қыздың өзінде. Таңғаларлық. Бірақ, жігіттермен көп достасатын, сұқ көздерден сақтанбайтын, жайдары, алды-артын бағамдамай сөйлейтін көңілді бойжеткен басына бәлені өзі тілеп алады.
Көнбіс, момын, қандай тұрмысқа да қайлы екендігін танытып тұратын «үндемес» қыздарды да құрығы ұзындар қағып түсіреді. Оны көптен сырттай бақылап, шыққан тегін, ортасын зерттеп жүрген жігіт, жақсылап таныса сала алып қашудың қамына кіріседі. Әрине, қыз танып үлгермеді. Бірақ бұған мүмкіндік бермеген өзінің «мінезі»...
Екінші бір себеп жеңгеде. «Алты жеңге бірігіп ана болмас» деген осы. Қайынсіңлісінің сырына қанық сырласы өзіне жаққан жігітті «алтынмен аптап, күміспен күптеп» одан артық күйеу таппайтынына сендіреді. Мақтауы әбден жетіп қыз әлгі жігітті көп көрмесе де «керемет» екенін мойындай бастаған сәтте алып қашуға рұқсат.
Үшінші орында, қыз бен жігіттің ата-анасы. Бір-бірін жақсы танитын үлкен кісілер «Қызым бізден асып қайда барады». «Сенімен құда болсам арманым не» деп жастардың сыртынан тон пішеді. Бастысы бойжеткенді жігіт ұнатса болды. Алып қашса, «қуғыншының» өзі қызға «Қайтып келсең ауылдан ұят болады. Ата-анаң қарсы емес. Танитын жақсы отбасы. Танымайтын жерге барсаң көрген күніңнің не боларын кім білсін» деп сол үйге тастап кетудің қамын жасайды.
Сонда судан таза, сүттен ақ жігіт болып шыға келді. Әрине, олай емес. Жолдастарының қолпаштауымен, тума-туыстың қолдауымен желпілдеген талай бозбала қыз ұрлаймын деп болашағын бәйгеге тігіп, басы шатылған.
Нағыз ер жігіт болашақ балаларының анасын әбден ойланып таңдап, мінезі мен ісін саралап, сүйгенінің көңілінен шығып, келісімін сұрайды. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтайтынын» жақсы білетін ер ата жолымен құда түсіп, игі дәстүрді жалғастырса керек. Себебі бір шаңырақтың оты жағыларда жылау мен күрсіну емес, қуаныш пен үкілі үміттің болуы - игіліктің басы.
Айдана ЖҰМАДИНОВА