Алматыда заңгерлер тұрғындарға тегін кеңес береді

Алматыда заңгерлер тұрғындарға тегін кеңес береді
жеке
блог

Алматылықтар енді тегін құқықтық көмек ала алады. Бұл туралы жақында «Social project management» орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы мәлімдеді. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Заң кеңесі» жобасы жұмысын шілде айынан бастап кеткен болатын.


Бұл жоба аясында қала тұрғындарына заңдық көмектер көрсететін орталық құрылып, мемлекеттік және орыс тілдерінде бірыңғай тұрақты телефон нөмірі бар «жедел желі» жұмысы іске қосылған. Орталыққа келушілерге заң мәселелері бойынша ақпараттық консультациялар беріледі. Қаладағы барлық аудандарда жылжымалы мобильді заң қызметтері ұйымдастырылады. Азаматтарға заңдық құжаттар (арыз, талап, өтініш және т.б.) дайындауда әдістемелік көмектер көрсетіліп жатыр.


«Social project management» орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы

Бүгінде сотқа талап-арыз жазатындар көбейді. Бұған қарап құқықтық сауаттың артқанын байқай аламыз. Дегенмен бүгінде құқықтық кеңесті кез келген адам ала алмайды, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар заңгерлерден ақылы кеңес сұрай алмайды. Біз осы мақсатта қарапайым халыққа тиімді болу үшін арнайы жоба бастап отырмыз. Бұл жобаның аты – «Заң кеңесі» деп аталады. Үш жылда іске асады. Осы жоба аясында кез келген санаттағы Алматы қаласының тұрғынына құқықтық, заңдық көмек көрсетеміз. Барлығы тегін, олардан ешқандай ақша алынбайды. Өйткені жобаны үкіметтік емес ұйым іске асырып жатыр. Заңгерлердің, ұйымдастырушылардың ақысын басқарма, әкімдік төлеп отыр.

Алматыдағы "Көк базардың" маңында орталық құрылды. Телефонмен шешілмейтін мәселелерді осы орталыққа келіп, заңгермен шешуге болады. Одан бөлек, ол жерде стенд қойылып, тұрғындарға қажетті ҚР заңдары жазылады.

Алдағы уақытта, базар, сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтарында құқықтық және құжаттар дайындауға қатысты әдістемелік көмектер көрсетіледі.

"Сонымен қатар егде жастағы азаматтарымызға арнап газеттерде ай сайын хабарландыру беріп отырамыз. Екі заңгерден сұхбат алып, youtube каналымызға жүктеп отыру да ойда бар. Жалпы бұл жоба үш жылға жоспарланған. 2023 жылы басталып, 2025 жылдың 1 желтоқсанында аяқталады, – деді Social project management орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы.


Аталған жоба Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Үш жылға бекітілген қаржы көлемі де белгілі.


Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының бас маманы
Ақбота Садық

Бізде «Заң кеңесі» жобасы мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асады. Қазіргі таңда 3 млн 400 мың теңгеге осы жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл үш жылдық жоба, жалпы 11 млн -ға жуық қаржы бөлінген.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, бөлінген қаржы аз болғандықтан жоба желтоқсан айына дейін қысқаша жалғасады. Қаржы жетпей жатқан жайдайда демеушілер тарту да қарастырылған. Жоба БАҚ өкілдеріне бүгін таныстырылғанымен, шілде айынан бері құқықтық көмек беруді бастап кеткен.


«Заң кеңесі» жобасының заңгері Қуат Ауғанбек


Қоғамда құқықтық, әкімшілік құқық бойынша, кредит мәселесі, отбасылық жағдай деген сияқты әртүрлі мақсатта сұрақтар болып жатыр. Сұрақтарына жауап беріп, көмегімізді беріп жатырмыз. Аресттен шешіп беру, алимент мәселесі деген сияқты. Қарызын төлемей жүрген борышкерлер өте көп. Әзәрге кеңсемізде екі заңгер жұмыс істеп отыр, бұйырса үшінші маман қосылады. Біз онлайн да, оффлайн да құқықтық көмек бере аламыз. Қажет адам сайтқа жазып көмек сұраса да болады, немесе кеңсемізге келіп құқықтық мәселелерін шешуге көмек сұрай алады.
Сонымен қатар zankomek.kz сайты құрылып, «Онлайн кеңесші» интерактивті модульдерінің көмегімен сайтта мемлекеттік және орыс тілдерінде консультациялар жүргізіледі. Ол арқылы тұрғындар сұрақтар қойып, заңгерлерден жауап ала алады.


Материалды дайындаған: НАЗИРА БУРХАНОВА
#Алматы
#тегінқұқықтықкөмек
#Заңкеңесі