Әкем-мақтанышым,жан досым,Анам- сүйінішім, қос шынарым

                                                                          Түзде емес нағыз бақыт, нағыз бақыт үйінде,

                                                                       Отбасыңмен отырғаның бір дастархан басында. 

                                                                                                                                    С.Әбенов

      Әке мен ана жайлы қандай мақтау сөздер айтса да жарасады. Қазақ отбасында әке мен ананы  қадірлеу, құрметтеу керектігі ерекше әспеттелген.      

     Менің әкем мен анама деген махаббатым, құрметім, мейірімім шексіз. Әкем мен анам бізге өмір сыйлаған, отбасының діңгегі, қос шынарым. Әкем мен анам бізді дүниеге әкеліп қана қоймай, болаттай тәрбиелеп, біліммен шындап, бар мейірін төккен жандар. Әкенің балаға айтар ақылы, берері, үйретері өте көп. Әкем атадан балаға мирас болып келе жатқан  салт- дәстүрді, әке мен бала арасындағы қарым- қатынасты, отбасылық құндылықтарды бірінші орынға қойып, қазақы мінез бен ер адамға тән қасиеттерді бойымызға дарытқан. Мен өр тұлғалы әкеммен мақтанамын. Әкемді мақтанышпен үлгі тұтамын. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, менде әкемдей беделді, жан жағына шуақ шашатын, қамқор, әр қазақты бауырым деп бауырына басатын азамат болып өсуді армандаймын. Сол армандарым да біртіндеп орындалып келе жатыр.Әкені ардақтай білу керек, өйткені ол отбасының тірегі, асыраушысы. Ол отбасының болашағына алаңдап,  көп ойланып, толғанады. Барлық ауыртпалықты бір өзі көтеріп жүрсе де жүзінен еш жабырқауды көрсетпейтін жан. Мен әкемнің жүрегінің бір бөлшегімін. Мен мұңайсам, әкемде көңілсіз күйде, ал мен шаттансам, әкемде мен сияқты балаша қуанады. Еркелікпен бір ерсі қылық танытсам, ұңжырғам түсіп, мазасыздық  күй кешсем, әкем маған ренжіп,  рухымды көтеретін ата- бабамның ерліктерін, жүрген жолдарын, істеген істерін айтып  дұрыс жолға жетелейді. Кейін менің әр жіберген қателіктеріме әкемнің жүрегі ауратынына көзім жетті. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны хақ.Әкем- жан досым. Мен көбінесе әкеме бар сырымды айтып, көңілімдегі шерімді тарқатамын. Әкемдей жан дүниемді түсіне алатын адам жоқ шығар. Әсіресе жалғыз қалған кезде әкең жан досың бола алады.

    Тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ шашқан күні, мейірімнің кәусар бұлағы- Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Әлемде ананы ардақ тұтып, аяламайтын халық та жоқ. Ана - түн ұйқысын төрт бөлген, кішкене ғана жанға ғажап өмір сыйлаған, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген. Ана туралы ақындар жыр, жазушылар шығарма жазып, қалам тербеген.Ана- барлық өмірдің бастауы. Ана баласы үшін барлық күшін салып, ойы мен жанын арнайды. Әрқашан ананың құдіреттілігіне бас иемін.Менің анамның ақылы дария, жүрегі таза, сөзі бал.  Анам еңбек сүйгіштікке, шыншыл, әдепті, кішіге қамқор, үлкенге құрмет, бауырмалдыққа тәрбиелеп, оқуда озат болуымды қадағалайтын жан. Адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы балаға ананың ақ сүтімен дариды. Әлпештеп өсірген ананың жүрегінің жылуынан басталады. Менің анамның жүрегінен жылу жан – жағына бөлінгенде шуақ шашатын күн сияқты. Біз осы күннің шуағымен, мейірімімен жылынамыз. Ал анамыз үйде болмағанда үй- іші біртүрлі көңілсіз күйде болады. Бұл дүниеде ананың ыстық алақаны мен балаға деген шексіз махаббатынан артық бақыт жоқ. Ал анамның сыңғырлаған дауысы алтынан да қымбат. Дауысында мейірім шыңы мен аналықтың сыры есіп тұрады. Анаңдай ешкім еркелігіңді де, тентектігіңді де көтеріп кешіре алмас.

   Абай атамыз жетінші қара сөзінде былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп туса, біреуі білсем дейді». Қатыгез, зұлым адамды ақ сүт берген Ана алдында бас иген, Ш.Мұртазаның сөзімен айтқанда: «Ұлы анамыздың артында, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа созылып жатқан қыруар ұрпақ бар. Олардың ішінде жүрек мықтысы да, осалы да жетіп жатыр»  деген екен. Бала дүниеге келгеннен бастап, ата-ананың ықпалында болып, өмір, бағат беруші тәрбие мектебінен нәр алады.

  Менің әкем мен анам ауыз толтырып айтарлықтай алтын жандар. Әкем мен анама деген ыстық махаббатым , ыстық сезімімім бәрі- бәрі жүрегімде. Әкем мен анам қандай қиындық болса да  сынбай оны жеңу керектігін жиі айтып отырады. Ол сынақты Алла мен көтер алатын болғасын беретінін тілге тиек етеді.Әкем мен анам жылдан- жылға қартайып келе жатыр. Әттең, уақытты тоқтататын болса ғой деп кейде мазасызданамын. Әкем «Сендер өстіндер, енді бізді бағатын уақыт та таяп қалды» дегенде, менің ішім өрт болып, қынжылады.

  Жүсіп Баласұғын айтқандай:

                  Қатты тәртіп көрсе бала күніңде,

                  Өнерімен қуантады түбінде.

                  Өле- өлгенше соны мамыр қиядан

                  Өнер- білім берем десең басынан,

                  Бер оқуға балаларды жасынан,

                  Ата- анадан өсіп ұрпақ тараған.

                  Жақсы- жаман болса, бала- солар

деген. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері  бар отбасы - бақытты отбасы. Бақытта балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді  және негізді.

   «Баласы жақсы ата-ананың орны төр»- демекші, әкем мен анамның орны әрқашанда төр. Төр- қазақтың салт- санасында ең құрметті адамдар отыратын орын.                                                                                                                                       Әкем мен анам менің жанашырым, мейірбаным, сүйенішім, қос шынарым! Менің бар сүйенішім, өмірімнің тірегі, үлгі- өнеге көрсетуші, ақыл- кеңес айтушы әкем мен анам. Асқар тау әке мен асыл анадан мейірім алған әрбір Ұлы Даланың баласы ата-ананы қастерлеп, еңбегін бағалайтынына сеніммен айта аламын. Ата- ананың мейіріміне бөленіп, оларға жақын өскен бала Отанына, дәстүріне жақын болады.

     «Үйге әйел кірсе жарық әкеледі, еркек кірсе жылу әкеледі, ал бала кірсе бақыт әкеледі» деген даналықты ұмытпай, ата-ана мен бала арасындағы қарым- қатынасты нығайтып, отбасы құндылықтарын бағалайық! Әке мен анасы бар адамдар дүниедегі ең бай, ең бақытты адамдар!



Бөлісу: