Әкесі жұмыстан келіп, баласының бөлмесінің алдынан өтіп бара жатып, бөлменің тап-таза қылып тазаланғанын, төсегінің түп-түзу болып жиналғанын байқады. Баласы бөлмесін және заттарын жинап үйден кетіп қалғандай болып көрінді. Баласының бос үстелінің үстінен сыртында «Әкеме» деген жазуы бар хатты көрген кезде күмәні арта түсті. Қолы дірілдеп, хатты әрең алды. Конвертті ашып, ішінен қағазды шығарды. Баласы өз қолымен жазған хаттың мазмұны төмендегідей:
«Қымбатты, әкем! Өзегімді өртеген өкінішке қарамастан Сізге осы хатты жазуыма тура келді. Мен жақында ғана танысқан қызыммен бірге үйден қашып кеттім. Себебі, Сіздер анам екеуіңіз естіген кезде бізге ұрсатындықтарыңызды білемін. Әйгерім өте керемет қыз, ол мен үшін өте бағалы, қымбат. Бірақ, Сіздер Әйгерімнің денесіндегі сурет-жазуларды (татуировка), оның киген киімін көрген кезде ол қызбен араласуыма рұқсат етпейтіндіктеріңізді білемін. Оның жасы менен үлкен екенін естісеңіздер төбе шаштарыңыз тік тұрары анық. Мәселе менің Әйгерімге деген сезімдерім ғана емес. Әке, оның аяғы ауыр. «Біз бірге бақытты бола аламыз» деп ойлайды Әйгерім. Орманның ішінде, ағаштардың арасында Әйгерімнің үйі бар. Қоймасы отынға толы екен. Осы қыс аман-есен шығуымызға жетеді. Екеуміздің де арманымыз – көп балалы ата-ана болу. Әйгерім марихуананың соншалықты жаман, зиянды емес екендігіне көзімді жеткізді. Біз орманда марихуана өсіріп, көршілерге сатуды жоспарлаудамыз. Осылайша, бізде көп ақша болады. Сол ақшаға кокаин мен экстаз ала аламыз. Сонымен қатар, СПИД-ке ем табылса екен деп дұға етеміз. Өйткені, Әйгерімді емдеуіміз керек. Әлі жап-жас қыз ғой... Әкешім, алаңдамаңыз. Мен 15 жастамын, өз-өзіме қарай аламын. Бірнеше жылдан кейін немерелеріңізбен таныстыру үшін үйге қонаққа келеміз. Махаббатпен, ұлыңыз Бауыржан.
Әке, кешіріңіз, мен мұның бәрін ойлап таптым. Мен досым Ерболдың үйіндемін. Тек қана сізге мектеп күнделігіндегі жаман бағалардан да қорқынышты нәрселер бар екенін байқатқым келді (күнделігім ас бөлмесіндегі үстелдің үстінде). Ашуыңыз басылып, үйге қайтуымды қалаған кезіңізде хабарласыңыз. »
Аударған Елжас Ертайұлы
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы