Қазақ халқының өн бойында әке тәрбиесі мен ана тәлімі бесікте жатқан сәтінен бастап-ақ бала санасына сіңіп, тұла бойына дариды. Әкенің отбасындағы орны ұлтымызда терең түсінікпен баяндалған. Әкенің төрдегі орны мен түздегі орны айқындалып көрсетіліп, түгел ұлттың тізгінін ұстайтын дәл осы абыройлы әке екендігі санамызға сіңірілген. Қазақ әдебиетінде әкенің балаға берер тәрбиесі туралы жазылған біршама ғибратты туындылар бар. Мәселен, Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жыры», Мұқағали Мақатаевтың «Әке» өлеңі, Асқар Тоқмағамбетовтің «Әке мен бала» романын атай аламыз.
Дәл осындай қазақ әдебиетінде өзіндік орныбар ұлы туынды “Абай жолы” роман-эпопеясында да әкенің балаға берер тәлім-тәрбиесі көркем түрде жеткізіледі. Төрт томнан тұратын шығармада ұлы Абайдың керуен жолындай шұбатылған өмірінің барлық кезеңдері бір арнаға тоғыстырылған. Абайдың отбасына, халқы мен жауыз болыстарға деген әртүрлі көзқарасы мен ел арасындағы шиеліністі оқиғалар көрініс тапқан бұл романда әкенің балаға деген ықпалы өз алдына бөлек әңгіме. Ендеше, дәл осы қазақ әдебиетінің ұлы туындысы “Абай жолы” роман-эпопеясындағы әке тәрбиесінің маңыздылығы туралы сөз қозғайын.
Құнанбай Өскенбайұлы - аға сұлтан, би, көрнекті қайраткер, ел көшін бастар, тізгінін ұстар абыройлы тұлға. Ол билік жолында елдің мәселелерін шешіп, түгел бір ауылдың жұртын басқарған мысты азамат. Ұстамды мінезімен елді тура басқара алған Құнанбай, отбасының тәрбиесіне де баса назар аударған. Осындай өрмінезі мен өнегесі арқылы Құнанбай екі дара тұлғаны қалыптастырды. Оның бірі баласы - Абай болса, бірі немересі - Шәкәрім еді. Бұл айрықша айтылатын жағдай. Мұхтар Әуезов осы жағдайды романда әдемілеп жеткізген. Құнанбай ел билеген болыс болғандықтан, баласының да ел бастар болыс болуын қалады. Оның бар ойы - Абайды өзіне ізбасар ету. Сол оймен баласын әр іске бір салып, өз қарамағындағы ру басыларға жұмсап, сынап та көрді. Жастайынан әкесінің тәрбиесінен тәлім алып, барған ауылдарында Абай туралы ұнамды ұғым, жақсы атақ, кейде тіпті әжептәуір аңыз қалып отырды. Құнанбай баласы үшін ізгі жолды нұсқаушы үлгі болды. Оны біз Құнанбайдың іс-әрекеттерінен байқай аламыз. Ол Ескі там деген жерде мектеп ашып, ауыл балаларының сауатты болып қалыптасуына негіз болды. Кейіннен Меккеде медресе салдырып, көп халықтың ықыласына бөленді. Осындай әрекеттерімен баласына үлгі бола білген Құнанбай Абайдың сауатына ерекше мән беретін. Ол Абайды білімге баулып, әр іс-сапары өткен сайын кітаптар әкеліп, зейінін ашуға көмектесті. Абайды оқуға жіберіп, оның әр сөйлеген сөзін құлақ асып тыңдайтын, кейде, баласына сынап қарайтын сәттері романда ерекше көрініс тапқан.
Абайдың өзі де жастайынан зерек болып, әжесі Зеренің ертегілерімен сусындап өсті. Анасы Ұлжанның жұмсақ мінезіндегі құндылықтарды да, әкесі Құнанбайдың әділ әрі қатал тәрбиесін де көрді. Абай билік өкілі болуды қаламады, ол ақындық жолдың жолаушысы болуды көздеген еді. Абайдың ұшқыр ойы қазақ даласын надандықтың бұғауынан босатуға жұмсалған күш деп есептеймін. Алайда, Абайдың осындай дәрежеге жетіп, өркендеуінің себебі әке тәрбиесіндежатқандай. Әдетте, шығармада жағымсыз кейіпкерлердің дөрекі тұстары беріліп, оның залымдық әрекеттері әшкереленіп суреттелсе, мұнда керісінше, Құнанбайдың алыстағыны болжай білетін көрегендігі, сөздің түбін түсіретіншешендігі, ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, абдыратпай қалмайтын ақылды әрі сырты суық болғанмен, іші жылы кісі екені байқалады. Тек билік қамытын киген қатал әке ұстанымы өзгермеген ғой, шіркін! «Әке көрген оқ жанар» демекші, Абайдың да Құнанбай тәрбиесін көргендігін оның бар болмысы мен тұлғалық қасиеттерінен, шығармаларынан, айтқан ақылы мен жазған насихаттарынан анық аңғаруға болады.
Қорыта келгенде, әке тәрбиесі қашан да түгел ұлттың тура жолын салып, бағыт-бағдар беріп отырады. Бүгінге дейін Құнанбайдың Абайға берген тәрбиесі түгел ұлттың тәліміне айналып отыр. Әке тәрбиесінен тағылым ала білген Абай Құнанбайұлы ұлттың ұлысы атанып, түгел адамзатты тәрбиелер ғасырлық туындыларды жазып кеткен болатын. Сол үшін қазақ халқында «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға алмайды» деген мағыналы мақал бар. Осы мақалға зер салып, тағылым алар болсақ, Абайдай бала тәрбиеленіп, Шәкәрімдей немере дүниеге келетіні хақ.