Ғылым мен техниканың дамыған заманында кез келген жұмысты интернет арқылы орындау қалыпты жағдайға айналды. Қазіргі таңда интернетке тәуелділік әлемдегі ең басты мәселелердің біріне айналып отыр. Жасөспірімдердің көпшілігі виртуалды әлеммен шектен тыс әуестенеді. Осыған байланысты, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер республикалық ұйымы интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында «ReStart» жобасын бастады. Шілдеде басталған жоба қараша айының соңына дейін жалғаспақ. Негізгі мақсаты – жастарға, балалар мен ата-аналарға виртуалды кеңістіктің қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.
Жоба шеңберінде жастар мен балалардың интернетке тәуелділігін анықтау әдістемесін әзірлеп, түрлі тақырыптар бойынша талдау жұмыстарын жүргізу үшін сарапшылар пулы құрылды.
Сарапшылар интернетке тәуелділікті анықтау бойынша әлемдік тәжірибедегі қолданыстағы әдістемелерге және ҚР Заңнамаларына талдау жасады.
Жоба аясында 9400 жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді. Осы арқылы интернет қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің бүгінгі жай-күйі талданып, Қазақстан жастарының интернетке тәуелділік деңгейі анықталды.
Білікті мамандар ата-аналарға арнап балаларымен қандай жұмыс жүргізуге болатыны жазылған нұсқаулықтар дайындалды.
28 шілде және 7 тамыз аралығында тәжірибелі сарапшылар, педагог-психологтер, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері, жастар мен жасөспірімдер және ата-аналардың қатысуымен қоғамда интернетке тәуелділіктің туындау себептері мен алдын алу мәселелерін талқылау мақсатында 4 онлайн-кездесу өтті.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесе отырып, мектеп психологтері мен әдіскерлеріне арнап оқыту семинарын өткізді. Аталған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 7647 мектеп психологі мен әдіскері қатысып, аталған бағыт бойынша біліктіліктерін арттырды.
Оқыту жұмыстарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 185 мектептің психологы интернетке тәуелділікті анықтау және онымен күресу жолдарын жүргізу мәселелері бойынша алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданды. Яғни, 185 мектеп психологы 20 оқушымен тренинг және 10 ата-анамен арнайы кездесулер өткізілді.
Жоба аясында білікті психологтардың жүргізуімен 3400-ден астам мектеп оқушыларына 170 тренинг өткізілді. Тренинг барысында мектеп оқушыларына интернетке тәуелділіктің алдын алу және онымен күресу жолдары туралы ақпараттар ұсынылды.
Бұл ретте көп уақытын онлайн өткізетін жастар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға арналған медиа сауаттылық курстары 7 қыркүйек пен 2 қазан аралығында ұйымдастырылды. Қазақстанның IT саласындағы беделді оқу орны – Халықаралық IT университетінің тәжірибелі мамандары қатысушыларға интернет, телефон, әлеуметтік желі, жалған ақпарат, киберқауіпсіздік тақырыптарында 40 сағат дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді. Онлайн курсқа барлығы 900-ге жуық студент қатысты.
Менторлардың қолдауы, Оффлайн өмір, фотокөрме, мемдерді әзірлеу, медиасауаттылық бойынша «True or False» республикалық чемпионаты, Азаматтардың цифрлық беделін қорғау, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша қауырт желі, «Ана мен бала» республикалық онлайн лагері және тағы басқа шаралар осы жоба аясында жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, жоба аясында 24 қарашадан бастап 24kz телеканалында «ReStart — онлайн болу мәдениеті» телевизиялық бағдарламасы жарыққа шықты.
Бұл өзекті мәселе бір жобамен шектелмейтіні анық. Әлеуметтік бейнероликтер мен сюжеттер арқылы жастардың санасына технологияның зияны мен қаупі жайлы ақпаратты үнемі сіңіріп отыру керек. Өйткені, қазір қоғамда интернет пен гаджеттердің тек жағымды тұсын насихаттау белең алған секілді. Жоғарыда айтылған кешенді жоспар осы мақсатта жасалған қадамдардың бастамасы болмақ.