32 жылдан кейінгі кездесу

32 жылдан кейінгі кездесу
жеке
блог

Таулы Қарабақ  соғысы... Қаншама жас жат жерде жанын қиды, із-түзсіз жоғалды? Қайсыбірі толыспай жатып, елге мүгедек болып оралды...

 «Ерлік — ұрпаққа үлгі болатын қасиет» деп білеміз. Жауқазындай  жастық шағының бір бөлігін оқ пен от арасында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-есен оралған ардагерлеріміз  майданда қаза болғандар мен қайтыс болған қандастарымызды  бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жамандық атаулы адамға қасірет пен қайғы әкеледі. Құдай елімізді осындайдан сақтасын. Ал «соғыс» деген суық сөзде небір алапат жатқанын оны басынан өткерген бүгінгі аға буын ардагерлер жақсы біледі. Оқ пен оттың ортасынан қырық жыл қырғын болса да, тататын дәм-тұзы барлар ғана тірі оралып, бүгінде арамызда жүр. Осы  ретте біз қанды соғыс ардагерлерімен жай-күйі қалай, ол кісілерді қандай мәселелер толғандырады, қандай естеліктері бар және т.б. сұрақтарға жауап алу үшін арнайы әңгімелескен едік.

«Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен бір дана қария. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, бүгінгідей сұхбат жүргізіп, естеліктерін тыңдау – біз үшін бір ғанибет. Құрметті ардагерлер, сол бір сұрапыл соғыстың естеліктерін ортаға салып үзінді айтып берсеңіздер.

 

                    Ахменов Сырым Нөгерұлы

Өзім туралы қысқаша айтар босам, 1971 жылы Павлодар облысында дүниеге келдім.  Осыдан 32 жыл бұрын екі  ел ортадасындағы қақтығыста Әзербейжан мен Армения арасындағы қақтығыста бейбітшілік шерумен Душанбеден Арменияға бардым. Содан Арменияда 3 күн бойы қару-жарағымызды дайындап шекараға аттанғанымыз әлі күнге дейін есімде. Ол кезде 18 жастамын. Мен бұл соғысқа әскери борышымды өтеп жүрген жерімнен аттанған жайым бар. Бізді арнайы әскери тікұшақтармен апарды. Соғыстың аты соғыс, әрине оңай болған жоқ. Қыстыгүні ақ қар көк мұз. Қарда жаттық. Тамақтарды басқа жақтан алып келетін. Жуынып-шайынуға мүмкіндігіміз болмады. Шыны керек, бізге қайда бара жатқанымызды басында айтпады. Әбден барған соң басымызға каска,  қорғаныс жилеттерін берген кезде бір-ақ білдік. Жолда кетіп бара жатқанда бір генералмен таныстым. Генарал менен: «Балам нешедесің? Енді қанша жыл әскерлік міндетіңді атқарасың?» — деп сұрады. Жарты жыл әскери борышымды өтейтінімді, жасым әлі он тоғызға толмағанын айтқанымда басын шайқағанын білемін. Павлодардың тумасымын, суыққа төзімдімін дегеніммен, таулы өңір қатты суық болғаны рас, аяғымызда  керзі етік болмады. Талай солдаттың жанкештілікпен қаза тапқанына куә болдық.

 

Пірмағанбетов Абай Нұртайұлы

Күні кешеге дейін көп адам үшін белгісіз болып  келген Таулы Қарабақ  соғысының «отқа оранған он  жылы» тарих қойнауының  парақтарында қара  таңба болып қала бермек.  Бұл соғыс үлкен қайғы-қасірет алып келді. Арада қаншама жыл өтсе де, күні кешеге дейін көз алдымызда тұрған оқиға болды. Түрлі жағдайға куә болдық. Балалар мен қарт кісілердің көз алдымызда жан-тәсілім еткенін көрген ауыр тигені сөзсіз. Қаншама отандастарымыз жат жерде қолына қару алып, намысты ту етіп, талай ерліктің үлгісін көрсетті. «Ерді намыс өлтіреді» демекші, олар соғыстан қорқып әскерден қашқан жоқ, барды. Батыр халықтың ұрпақтары екенін дәлелдеп, жанкештілікпен шайқасты. Зардабы мен залалы екінші жаһан соғысымен тең болған Таулы Қарабақ соғысының тарих қоржынында жатқанына 32 жыл болыпты. Иә,  қаншама уақыт өтсе де, жарасы жазылған жоқ. Сұрапыл соғысты өз көзіңмен көрген соң өз елің мен әлемде тыныштық пен бейбітшілік орнауын тілейді екенсің. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбітшілікке ешнәрсе жетпейді емес пе?! Сол үшін де біз өз кезегімізде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, бейбітшіліктің қадірін түсінуіне ықпал ету мақсатында түрлі кездесу ұйымдастырып жүрміз. Өйткені, бұл өте маңызды. Расымен де, соғыс кім-кімге болсын оңай тимесі анық. Соғысты көзімен көрген әрбір ардагер ағаларымыз ондай күнді ұрпағының басына бермесе екен дейді. Бейбітшілік заман болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай.

Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Бүгінде елімізге аман-есен оралған ардагерлеріміз түрлі салада қызмет етіп жүргені қуантады. Соғыстан қайтқан кезде бізге арнайы мәртебе беріліп, көптеген жеңілдік қарастырылып, жағдайымыз жасалады деп уәде берілген болатын. Дегенмен, ол кезде еліміз жаңадан Тәуелсіздік алып жатқан кезге тұспа-тұс келгендіктен, басында елге оралған соң айтылған нәрселер ұмытылып кетті. Кейіннен біздің еңбегіміз бен ерлігімізді ескерген ел ағалары мәселемізді көтеріп, біз сияқты ардагерлерге біршама жеңілдіктер қарастырып берді. Ол үшін, әрине, біздің алғысымыз шексіз. Сонымен қатар бізді түрлі жиынға арнайы шақырып, мәртебемізді көтеріп қоятын да жандар бар. Бізді ұмытпағандары үшін ризамыз.

Суретте:  Кудабаев Кизат Ниетбекұлы, Қалимуханов Айдарбек Жұбанұлы, Жакаеев Ерлан Зияндинұлы, Нархаджаев Ахмет, Шеринбетов Бекжан, Теміржанов Мақсат Апаұлы.

 

Найзабеков Дәукен Кәукенұлы

Мен бүгінгі жиынға Талдықорған қаласынан келдім.

49843 Нубарешен әскери бөлімінде қызмет еткен жоқпын. Краснодар орта арнайы милиция мектебінде курсант болып жүргенде бізді Қарабақтағы қақтығысқа алып кеткен болатын. Ол кезде барлық милиция бөліміндегі курсанттар мен әскери жауынгерлердің бәрін жинаған еді. Басында бізге ешқандай да қорғаныш жилеттері берілген жоқ.  Өзіміздің үстімізде болған арнайы милиция формасымен соғысқа аттандық. Қанды қақтығыста көптеген  адамның жаны қиылды. Мысалы, мен оқыған Краснодар орта арнайы милиция мектебінен 3 жауынгер қаза тапты. Кейіннен арнайы қорғаныс киімдерін берді. Бірақ, оның да аса көмегі болмағаны рас. Қанша дегенмен оқ пен оттың ортасында жүргенде қорғану оңай шаруа емес, әрине. Бір күні жау жақтан біреу бізге қарай ракетница лақтырып жіберген еді. Сол ракетница бір жауынгердің қорғаныш жилетінің ішіне кіріп кетті. Сонда арнайы соғысқа арналған деген киімнің де қорғамайтынына көзім жетті. Өкінішке қарай, ол жігіт үш күннен кейін қайтыс болды. Өкінішті, әрине. Қаншама өрімдей жастар қыршын кетті. Талай өлімнің куәсі болдық. Соғыс деген оңай емес. Қазіргі кезде мен Жетісу облысындағы Таулы Қарабақ ардагерлерінің төрағасымын. Сонымен қатар полковник лауазымым бар. Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдары саласында бірнеше жыл тергеуші болып жұмыс істеп,  зейнетке шыққаныммен, әлі күнге дейін Таулы Қарабақ соғысының ардагерлеріне қолымнан келгенше қызмет етіп жүргенімді жасырмаймын. Мамандығым заңгер болғандықтан ардагерлерге сот арқылы арнайы мәртебе алуға көмектесіп жүрген жайым бар. Елімізде ардагерлер туралы арнайы Заң қабылдау қажеттігі хақында әртүрлі мінберден көп жыл бойы айтылып келгенімен, оның сәті 2020 жылы ғана түсті. Сол жылғы 6 мамырда президентіміз «Ардагерлер туралы» алғашқы Заңға қол қойды. 2020 жылы 6 мамырдағы № 322-VІ ҚРЗ бұл маңызды құжат барлық соғыс ардагерлеріне ортақ. Ол Екінші дүние жүзілік соғыс ардагері болсын, Ирактағы соғыс ардагері болсын, Ауған соғысының ардагері болсын, Таулы  Қарабақ соғысының ардагері — бұл Заң барлығына да қатысты. Бірақ, бізде көбісі заңды білмегендіктен, кейбір Таулы Қарабақ соғысының ардагерлері заң  бойынша өзіне тиесілі мәртебеге ие бола алмай, тұрғын үймен қамтамасыз етілмей жүр. Заңда барлық соғыс ардагерлерінің құқығы бірдей деп көрсетілгенімен, Таулы Қарабақ соғысының ардагерлері кейбір жеңілдіктерден құр қалып кететін де жағдайлар кездеседі. Оның барлығы да Заңды дұрыс білмегендіктен.  Мен сот арқылы сондай отандастарымызға арнайы мәртебе алуға көмектесемін. Өкініштісі, егер құжатында Таулы Қарабақ деген жазу болмаса арнайы мәртебе берілмейді. Ондай кезде жұмыс архивтен анықтама алудан басталады. Осы уақытқа дейін 40 адамға арнайы  ардагер мәртебесін алып бердім. Бізде Заң бар болғанымен оның орындалуы ақсап жатыр, өкінішке қарай. Қазақстанда 17 облыс, 1 қалада  Таулы Қарабақ соғыс ардагерлерінің ұйымы бар. Дегенмен, кей өңірлердегі майдандастарымыз әлі күнге дейін өзіне тиісті жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүргені рас. Білуімше, Алматы қаласындағы ардагерлер шипажайда демалу мүмкіндіге ие бола алмай жүр, мысалы. Сосын ардагерлерге мемлекет тарапынан қосымша көмек ретінде берілетін қаражат неге екені белгісіз әр өңірде әртүрлі. Бұрыннан солай. Біз негізінен жастарға отансүйгіштік тәрбие беру мақсатында үкіметтік емес  ұйымдармен, білім басқармасымен, әкімшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Біз үкіметтен не аламыз деп емес, үкіметке не бере аламыз деп әрекет етеміз. Ендігі мақсатымыз, соғыс қимылдары ассоциациясын құру. Ол үшін қажетті құжаттардың барлығын жинап өткізіп қойдық. Мен сол ассоциацияның құрылтайшыларның бірімін. Сонымен қатар, құрылтай ұйымдастырып жатырмыз,  21 қазанда ардагерлерге арналған Құрылтай өтпек. Отан алдындағы борышты адал атқарып, өзге мемлекеттің аумағына тәуекелге бел буып барып келген сол кездегі жалынды жастар, қазіргі таңда жігіт ағасы болған жігіттер қандай құрметке болса да лайық. Олардың Отан алдындағы жауапкершіліктері кейінгі ұрпаққа үлгі болар анық.

 Суретте:  Сұлтанбаев Мұхамеджан, Алимбетов Ерназар. Мукашев Назымхан, Мельников Игорь, Хорожев Игорь, Пардабаев Еркин.

 

Сұлтанбаев Мұхамеджан  Сұлтанбайұлы

Суретте: Сұлтанбаев Мұхамеджан және Пірмаганбетов Абай Нұртайұлы, Армения-Әзірбайжан шекарасы, 1991 жыл. 

Маңғыстау облысынан келіп отырмын.  1989-1990 жылдары  әскери борышын өтеген  солдаттар әр өңірден жиналып,  мәре-сәре болып қуанып жатырмыз. 32 жыл, біле білгенге бұл біршама уақыт. 32 жылдан соң бір-бірімізбен аман-есен жолығуымыздың өзі бір бақыт. Таулы Қарабақ соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер. Оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін жазылмас жан жарасына айналды. Бұл  соғыс боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға Таулы Қарабақ ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету,  соғыста опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге  тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Бізге жасалып  жатқан мүмкіндіктер үшін, әрине, президентімізге рақмет. Әлбетте, жігіттердің еңбегі орасан зор. Аман болайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!