Студенттік билет не үшін қажет?

Ашынғаннан жазып отырмын. Бірден оқиға туралы айтайын. Сол күн мен үшін қарбалас күндердің бірі болатын. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін сабақ. Кейде тапсырмаларды түгелдей дерлік орындау үшін түнгі ұйқыны қойып, таңға дейін отыратын кездеріміз болады. Сондай күндердің бірінде, шарасыздан сабаққа асығып келсем, ID картамды (электронды пластикалық құжаттың бір түрі) таба алмай қалдым. Әншейінде бір орыннан қозғалмай отырып алатын күзетшілер, сол күні есік алдында тұр екен. Өзім көз жұмбастан таң атырсам да, үй тапсырмаларын орындап үлгермей, жанымды шүберекке түйіп, сабақтың басталуына небәрі 1 минут қалып, кешігіп бара жатырмын. ID картамды таба алмаған соң, студенттік билетімді көрсеттім. "Өтінемін, бір жолға кіргізіңізші, сабақтан кешіктім",- десем, "Жоқ, ID болмаса кірмейсің ",-деді. Қаным қарайып, "Сіздер бұл жерде не мақсатта тексеріп тұрғандарыңызды білесіздер ме?",- деп едім, жауап жоқ. Расымен де, ойлаңызшы, егер де террорист келіп, бүлік  жасағысы келсе, оны байқамай қалушы еді ғой сол керемет, тек берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын  күзетшілер. Мен студенттік билетімді, жеке куәлігімді көрсетіп тұрмын. Жоқ, "өл, тіріл осы жерде, жоқ ID-ді тап",-дейді. "Мен сабақтан кешіктім ғой!". Жоқ, түсінбейді. Қарапайым түсіну қабілеті, тыңдай алу қабілеті атымен жоқ. Неге? Мен санамдағы сансыз сұрақтарға жауап таба алмадым. Студенттік билет не үшін қажет? Тек, кинотеатрға жеңілдікпен кіру үшін берілді ме? Қызметтерін мінсіз атқарушылар ID картаны тексерудегі басты мақсаттарын білмейді ме? "Адами түсіністік" деген не?

         Бұл оқиғаның нәтижесі: мен сабақтан 20 минутқа кешігіп, оқытушыдан сөгіс естідім. Иә, қателік менен шығар, бірақ, "адами түсінік" деген нәрсе бар ғой.  



Бөлісу: