ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ!

Спорт– қоғамдағы жалпы мәдениеттің бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Жастардың жан - жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Өз өмірін спортпен байланыстыра білген сондай жастардың бірі - Жанбота Аманжол. Ол ұлы Абай атамыз туған өлкенің ұланы. Анасы – өнер адамы болса, ал әкесі – заңгер. Отбасындағы төрт перзенттің үшіншісі. 5-сыныпта Алматы қаласына қоныс аударып, Алматы облыстық Ибрагим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында білім алған. Жастайынан спортқа жаны құмар бозбала бүгінгі таңда қазақша күрестен спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. Оны спортқа 4-сыныпта әкесі жетектеп әкелген екен. 10 жасында аймақтық жарысқа қатысып 1 орын иелеген. 8-сынып оқып жүргенде бүгінде бірталай жетістікке жетуіне себепкер болған бапкері Жангелді Хамитов ағайды кездестіреді. Кейде «Шәкірттің бағын ұстаз ашады» деп жатады. Ол өзінің спорттағы әр жетістігіне ұстазының берген ақыл-кеңесі, талап қойғыш тік мінезі мен табандылығы арқасында жеттім деп есептейді.

               Ұстазы Ж.Хамитов 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай жерінде өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. «Әлем барысы», «Қазақстан барысы» халықаралық және Қазақстан чемпионаттарында төреші болған. Қазақ күресінен спорт шебері. Бүгінде 60-қа жуық жас жеткіншектерді үлкен спортқа баулып, баптап жүр. Шәкірттері ҚР чемпионы, олардың арасында спорт шеберлігіне үміткерлер күн санап артып келеді.

           «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Жанбота тек спортпен айналысып кана коймай, сонымен қатар шығармашылықпен де айналысады. Қолы қалт етсе ән айтып, өлең жазатыны бар. Ол мектептің талай қоғамдық жұмыстарына, өнер кештеріне бір кісідей ат салысатын. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дегендей заман талабына сай жан-жақты адам болу қажет. Ел сенімін белсенді жастар ақтайды, қазақ жастары қай уақытта да аянбай еңбек етіп, тек спорт саласында ғана емес кез келген салада қазақтың атын шығарса бұл еліміз үшін үлкен жетістік болар еді. Қазір Жанбота Қазақ спорт туризм академиясының студенті. Оның ендігі арманы қаңтар айында өтетін әлемдік додаға іріктеу чемпионатына қатысып,елінің көк байрағын әлемдік жарыстарда желбірету. Жанботаның әлі талай асулардан асары сөзсіз. Болашағынан зор үміт күттіретін, үлкен спортқа енді ғана қадам басқан жас жігітке әр жеңісін еліне арнайтын, қай уақытта жұдырықтай жүрегі «менің елім» , «менің жерім» деп соғатын, қайсарлы да , жігерлі спортшы бол демекпіз. Толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз!

ХАЛҚЫНЫҢ ЕТ ЖҮРЕГІН ЕЛЖІРЕТЕР.

БАПКЕРІН ӘР ЖЕҢІСПЕН ТЕБІРЕНТЕР.

СПОРТШЫ БОЛ ЖІГЕРЛІ ӘРҚАШАНДА,

ҚАЗАҚТЫҢ КӨК БАЙРАҒЫН ЖЕЛБІРЕТЕР!



Бөлісу: