Адам өлер кезінде бүкіл өмірі көз алдынан зыр етіп өте шығады деп жатады біреулер. Сондағы ойдың жүйріктігінен шығар, соншама өмірлік белестің лып етіп өте шығуы. Осы айтылатын сөздің мағынасын басымнан өткен оқиға арқылы түсіндім.
Мен 5-сынып, інім 1-сынып оқитынбыз. Үйдің жанындағы терең ағын суға күн сайын түсіп, көпірден секіріп, тәтті балалық өткізіп жүрген бауырлар едік. Бірде суда екеуміз ғана түсіп жүрдік. Інім көпірден суға секіреді де, ағысқа қарсы итше жүзіп, көпірдің тіреулеріне жетіп, ары қарай жағаға шығып кететін. Мен жанында сақтандырушы ретінде жүремін. Бір рет секіргенінде алысқа түсті де, көпірдің тіреуіне жете алмай қалды. Қолы әбден талған болуы керек, суды құр шалпылдатып жатыр. Жанына жеткенім сол еді, бірден мойныма жабысып алды. Аздап су жұтып қойған, жанталасып өлмеуге тырысып, менің мойнымды тас қып қысып тастады.
Тынысым тарылып, қырылдай бастадым. Маған да жан керек, жалма жан мойнымнан оның қолын жұлып алдым да суға батып кете бардым. Екпінмен батқанымда, аяғым судың табанына тиді де күшпен серпіп, судың бетіне ытқып шықтым. Ауа жұтып үлгергенім сол еді, бір батып, бір шыққан інім судың бетіне ұмтылам деп, басымды қос қолымен батырып барады. Суға қайта баттым.
Ойымда інімді құтқару тұрды. Өзімнің жүзіп, кез келген уақытта жағаға шығатынымды білемін. Бірақ інім менің көз алдымда суға батып кетсе, өмір бақи өзімді кінәлі сезініп өтемін. Осы ойлар су түбінде жүрген менің басымда шыр айналып жатты. Сол оймен ширыққан күйде судың астында тұрып, інімді белінен ұстап, су бетіне көтердім. Өзім тұншыға бастағанда қайта су бетіне шығып ауа жұтам дегенше, есінен айрылған інім қайтадан басымды суға итеріп батырып тастайды.
Осылай қанша ғасыр өткенін білмеймін. Мүмкін мәңгілік болған шығар. Ғасырдан да ұзақ мезет. Біраздан соң шамам біткенін сездім. Соңғы рет су бетіне шығып ауа жұттым да қайтадан батырылып, інімді су бетіне көтеріп тұрдым. Қазір 10-15 секунд ішінде ия інім, ия інім екеуміз бірге өлетінімді анық білдім. Бір сәтте көз алдымда ес білгеннен бастап, мектепке барғаным, үйдегі өмірім - бәрі-бәрі зу етіп өтіп жатыр. Сонда ойладым: «Қазір інім екеуміз суға батып өлеміз. Ағыспен аққан күйі сонау жердегі бөгенге келіп тірелеміз. Сол жерден біздің ісінген денемізді таяу жүргендер тауып алады да әке-шешемізге хабарлайды. Олар жылаған күйі қос денемізді құшақтайды. Біздің мүрдеміздің үстінде ақ мата жабулы болады. Сосын үйімізге жаназаға сыныптастарым келеді, олар да жылайды. Одан кейін...одан кейін інім екеуміз ешқашан үйде бола алмаймыз...». Осымен тоқтадым. Ары ойлау да мүмкін емес еді, себебі өлгеннен кейін бәрі бітеді (өлгеннен кейінгі өмір жайлы ол кезде еш ақпарым жоқ еді).
Бұл ойлар секундтың мыңнан бір бөлігінде келген шығар. Осылай өзімді өзім өлім құшағына тастап жіберуге дайын болдым.
(«Сол кезде айқайлаған күйі оянып кеттім» десем бәрін құртатын шығармын, иә))))
...Өмірде неше түрлі қызық оқиғалар бола береді ғой. Адамның дегені емес, Алланың дегені болады екен. Бақытымызға орай, сол уақытта суға түсуге келе жатқан ересек балалар су бетінде батып жүрген інімді көріп, киімшең күйі суға секіріп, шап беріп ұстаған күйі жағаға тартып әкетіпті. Сол сәтте судың астынан менің шыққанымды көріп, тіпті таңқалды. Жағаға әупірімдеп шығып, жерге сылқ етіп отыра кеттім. Болған жайды қайта ой елегінен өткіздім. Су астында тұншыққаным емес, қолымның талғаны емес, басыма келген ауыр ойлардың салмағы психикалық шаршатып тастапты. Қайта-қайта ойлай беремін: «шынымен өліп қалғанда не болар еді?». Қабылдауға не деген ауыр еді.
Бүгінде осы оқиғаны ойлай отырып, екі нәрсені түйдім. Қасиетті Құранда не хадисте айтылады: «Адамдар қайта тірілтіліп, Раббының алдына есеп беруге келгенде олардан дүниедегі өмірлері жайлы сұрағанда: «Көрген түс секілді, көзді ашып жұмғанша өте шықты» деп жауап береді екен. Аз ғана ғұмырды имандылықпен, жақсылыққа толтырып, мағыналы өткерудің маңыздылығы осындайдан туындайды. Мен суға батқанымда 11 жылдық өмірім бір секунд құрлым ұзаққа созылмады.
Екінші түйгенім, тағы да Құранда және хадистерде айтылады: «Ақыретте әркім жасаған ісінен сұралғанда, адамдар сауабының аз, күнәсінің көп екенін білгенде, ең қадірлі саналатын ана емшектегі сәбиін тастап қашады, әкесі баласын, дос досты, бауыр бауырды тастап қашады. Бұл күннің қорқынышы соншалық, сәбидің шашы ағарып кетеді». Інімнің өмір мен өліммен арпалысып, су бетіне шығу үшін мені басымнан батырғаны – сол айтылғандарды тағы да дәлелдейді.
Осыны жазып отырып, бірнеше жылға қартайып кеткен секілдімін.