Өлімге жол оңай: санасыздар түсінігі
блог
Өмір. Бұл бейбіт күнді көре алмай кеткен жандар қаншама?! Алғашқы және соңғы "іңгәсін" естірткен сәбилер, жазатайым оқиғадан оққа ұшқан боздақтар, жазылмас жара мен айықпас дерттің арпалысында көз жұмған талай жандар жарық дүниенің иісін аңсап кеткені анық. Олар табиғаттың тамашасын көретін, бұлбұлдардың әсем сазын еститін, қазан басында қайнаған қатықтың иісін сезетін, жақынына жақсы сөз айтатын сәтке зәру болып кетеді. Ал біз Алла берген қамшының сабындай қысқа ғұмырымызды бағалай алмаймыз. Бағалай алмағанымыз былай тұрсын, екінің бірі өз-өзіне қол жұмсап, әрекет ете алатын күнге жеттік. Көк жәшікті қоссақ, "Көп қабатты үйден секірді", "Көпірден құлады", "Өз денесін өртеп жіберді", "Баласын пышақтады" және одан да көп жантүршігерлік жаңалықтар назарды бірден алады. Күні кеше ғана Алматыда өмірден түңілген жас ана үш бірдей перзентімен көп қабатты үйден секіріп, бәрі мерт болған еді. Бүгінде сол секілді оқиға өз өңірімізде де қайталанып отыр. Бір адам суға секіріп өлмек болып, екі адамның өмірі арашаланды. Баланың ба, ананың ба періштесі қорғап дін аман қалды. Ауыз толтырып айта берсек күнтізбеден суицид орын алмаған күн жоқ шығар. Бұған кім кінәлі? Надан адам ба, қатыгез қоғам ба?! Бұған қоғамның еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Қиын да қорқынышты қадамға барған, өз басын өзі алып жүре алмайтын құр кеуденің осалдығы деп білемін. Шын мәнісінде ажал келетін болса, жанымыз ескертусіз алынары анық. Дәл осы орайда Алматылық жазушы Нұрмұхан Жанұзақұлының "Бір ауыз сөзім мың ділдә" кітабын оқи отырып түйген түйінді сөз есіме түсті. "Ажалсыз шыбын да өлмейді" деген мәтелді тарқатып, өмір мәнін ұқтырып жазған тұғын. "Көрер жарығы бар екен, дәм-тұзы таусылмапты" деп сөз басында айтып жатамыз. Осы мағыналы сөзді тақырыбымызбен ұштастырып, байланысын талқылап көрсек психологиялық тұрғыда екі сұрақ туындайды. Бірі: Адам өз-өзіне қол жұмсады, бақилық болды, ал мына өмірден нені ұтты, біреуді жеңгенін енді қалай дәлелдейді?!
Екіншісі: Егер де үшінші емес, оныншы емес, жиырмасыншы қабаттан секірген бола тұра аман қалды дейік. Алланың аманат қылып берген он екі мүшесінің жартысыз жарамсыз болып қалса, миы жоқ мүгедек кімге керек?! Кімге барып масыл болмақ, өмірлік қиындықтарда жәрдем беретін жан бәріне бірдей табыла қоя ма?!
Ойымды қорыта келе, бір құрсаққа біткен қос бауырымның әлемнің жарығын сезіне алмай кеткен сәті есіме түсіп, есеңгіреп босап алдым. Мына өлең шумақтары бауырымның тілсіз кетіп, айта алмаған жан тебіренісі болатын. Тақырыптың маңыздылығын айқындай түсері анық. Мүмкіндік болса толықтай оқып шығуға кеңес беремін. Өмірдің қадірін түсінбей жүрген мыңнан бір адамға болса да септігім тисе екен. Өткенге өкінішсіз, бүгінімізге "шүкір" деп, келешегіміз кемел болатынына сенейік! Артына алтын із қалатын ғибратты ғұмыр иесі болайық!
Тағдырға төзім
(Тұрардың толғанысы)
Құрсағы анамның, ыстықсың маған сен қандай?!
Сенде жетілдім, өмір көрем(-ін) деп армандай
Бұйырмай кетті жарық әлемнің есігі
Ағам екеуміз болыппыз бірден сормаңдай!
Алланың мейір шапағатымен шарықтап
Жатырмыз бірге Жұмақтан жайлы алып бақ!
Атам мен әжем сіздерді шыңға балайды
Сол өмірдегі Ақ сұңқар құс пен Арғымақ!
Суытса дала, сүйретіп келер қыс қарын
Байқадым тағы, салқындық пенен мұз барын.
Анашым сенің құшағың ғана жетпейді
Білдірмес еді-ау жаһан даланың ызғарын.
Он жылдай сіңді Нарын даланың құнары
Жаттым да қойдым құр емізікке қуанып.
Әкеміз салған қатар орында жатырмыз
Әжемнің жылы көрпешесіне оранып.
Жер басып өмір сүруім менің арман-ақ!
Болар ма едік әкеге көмек, қолғанат!
Әке-ананы, бауырды шексіз сүйеміз
Дәрменсіз ғана тебісіп жатқан қос пырақ !
Рақмет, Әке, сендегі серпін бар менде!
Берілген шығар рухты, текті қанмен де!
Рақмет, Ана, тырысқан сәтің есімде
Толғатып мені қиналған кезің таңмен де!
Ойлама бізді, айтпаймын енді көп арыз
Құрсағың үшін өтелмей кетті-ау бір парыз.
Тас емшегіңді жібітіп, перзент атанған
Аман болсыншы, апатайларым, айнамыз!
Жалғасып ұрпақ, бір-бірін жалғар ниетте
Жалғас деп атап ағамды қойдың биікке!
Тұмарым болып мен қойған есім өшпес деп
Тұрар деп мені сақтадың мәңгі
жүрекке.