«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»
жеке
блог

     Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Мен Абай атамыздың өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтқанды ұнатамын. Ол кісі өзінің өнегелі өсиеттерін бізге мұра қылып қалдырған. Атамыздың әр қара сөзін, жалынды өлеңдерін оқу және жаттау біздің яғни, болашақ ұрпақтың міндеті деп білемін.

 Тек қана Абай өлеңдерінен қазақ даласының көркем табиғаты, қазақ өмірінің тыныс-тіршілігі, қазақ халқының арман-тілегі, ұлттық қадір-қасиеті түгел көрінеді..

 «Сен де - бір кірпіш, дүниеге,

  Кетігін тап та, бар қалан!» деп Абай ақын бізді жігерлендіріп осы өмірде өз орнымызды нық табуға тиіс екенімізді жырлап кеткен.

 Былай қарасақ, Абай поэзиясында тұнып тұрған даналық ой, тәлім-тәрбие бар, сондай-ақ адам бойындағы адамгершілік, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші иманды қасиеттер де аталған.

 Адам баласы мақсатына жету үшін негізгі талаптарын Абай еңбек, қызмет деп есептейді. Абайдың айтуынша, еңбек-адам болмысының айнасы. Еңбек-өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Ғылымды игеру, білімді болу – әр қазақ үшін маңызды болып табылады. Сондықтан ақын еңбек пен қызметті өлеңдерінде асқақтата жырлады. Ол ақиқаттың ақыны болып өмірге келді және солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық, жасандылық табу қиын екенін түсіндім. Әр өлеңін оқығанда шындық мөлдіреп көз алдына келеді. Өзінің астарлы мағынасымен, табиғилығымен өлеңдері әр адамның ойына ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер болып саналады. Абай ақын боп өлең жазып қана қоймай, өз өлеңіне өзі ән шығарып халыққа таратты. Оның композиторлық өнері қазақ халқында ерекше бағаланады.

Қорыта келе айтқым келгені, әр қазақ Абай әнін шырқап, өлеңін жаттап оның мәнін ұқса нұр үстіне нұр болар еді. Абай шығармашылығы ол-біздің жадымызда мәңгі сайрап тұруы қажет. Еш ұмытылмайтын, өшпес мұра қалдырған Абай рухына мың тағзым!