Өлім - уақытша проблемалардың тұрақты шешімі
блог
Бірнеше күн бұрын, ғаламторда барды-жоқты оқып отырып, осы мақаланы жазуыма себепкер болған статистикалық мәліметтерді кезіктірдім: орта есеппен, жер бетінде әрбір 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен, яғни бір күнде 2160, бір жылда 788 000-нан көп адам бұл өмірден өз орнын таба алмай, жарық дүниемен қош айтысады. Өкінішке орай, біздің еліміздің де бұл көрсеткіште алатын орны ерекше, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының 2012 жылғы тізіміне сенер болсақ, Қазақстанда әр 100000 адамның 24 суицид жасайды, және бұл көрсеткіш бойынша біздің еліміз 5-ші орында. Ал, бұдан әрі жан түршіктірерлік жайт - осы көрсеткіштердің жыл санап өсіп келе жатқандығы.
Осындайда ойға келер алғашқы сұрақ - не себепті адам баласы өзіне қол жұмсайды? Ең әуелігі себеп - мектеп оқушылары мен студенттердің өз құрдастарынан көретін қорлығы мен мазақтауларына шыдамауы. Бұл себепті жою мақсатында мектеп психологтары мен ата-аналардың жасөспірімдерге деген бөлінетін көңілі мен уақытын көбейту керек. Екінші себеп адамдардың қоғамда өз орнын таппауы немесе уақытша қиындықтарға байланысты күйзеліске ұшырауы болып табылады. Осындай жағдайда адамға жақындары немесе достарының қолдауы көмекке келуі керек. Суицид жасар адамға дұрыс кеңес беру немесе мұңын тыңдау оның шешімін өзгертуге әкелуі әбден мүмкін. Көбіне өзіне қол жұмсауға шешім байлаған адамның негізгі себебі өз басына түскен қиыншылықтардан шығудың жалғыз жолы өлім деп санауында. Алайда, барлық қиыншылықтардың тек уақытша екенін естен шығармаған жөн.
Сөз соңында айтарым, әлем тұрғындарының көпшілігі кемінде бір рет өмірінің қиын қыстау кезінде өз-өзіне қол жұмсау туралы ойланады екен, міне осы сәтте барлық мәселелердің реттелетінін, әр адамның қоғамда белгілі бір орны бар екенін және де суицид зардабынан өзіңе жақын адамдарға түсетін ауыртпашылық туралы ұмытпаған жөн. Ең бастысы суицид арқылы сіз проблемаларды жойматыныңызды, тек сол қиншылықтарды айналаңыздағыларға қалдырып кететініңізді естен шығармаңыз. Демек, сіз үшін өлім - уақытша проблемалардың тұрақты шешімі болмауы тиіс.