Бұл жазбамның жазылуына сүйікті сайттарымның біріндегі мына репортаж түрткі болды.
Өмір деген осы. Бір күні қара жерді жамылып кете барасың. Адам баласы дүниеге келгенде өзі жылайды, кеткенде өзгені жылатады. Былай қарасаң, өлімнің өзі үлкен бір салт, оның өзі үлкен бір дәстүр.
Тойға, айтулы жиынға адам баласы ертерек әзірленіп, тиын-тебенін есептеп жатады. Ал өлімге ше? Кім дайындалып жатады ғой дейсіз?! Не ерте емес, не кеш емес, әйтеуір, уақыт жеткенде кететін жан кетеді. Оның өлімінің өзі үлкен шығынды талап етеді.
Биылғы жылдың жазында үлкен ағамнан айырылдық. Шыны керек, біраз әбігерге түстік. Есімізді жиып, керек дүниелерді алдық. Анаған-мынаған деп тағы жүгірдік. Әйтеуір, үлгердік. Ел қатарлы бұл рәсімді өткіздік. Осы құрбан айт мерекесі күні бейіт басына бардық. Ағамның бейітін көріп, жүрегім езіліп кетті. Қырқы өткен соң, тас қойылған-ды.Суретін қашап салыпты. Күлімсіреген жүзін көргенде ғана ол кісінің қайтпас сапарға кеткенін сезінгендей болдым.
Жақында екі көршіміз дүние салды. Бірі татар, бірі ұйғыр. «Әр елдің салты басқа» дегендей екі ұлттың өлім рәсімін қалай атқаратынын көріп, таңдандық.
Нелля апамыздың ұлты татар, өзі жалғыз тұратын. Бала-шағасы келіп-кететін. Сол апай өмірден өтті. Жан-жақтан туыстары келді. Көршілер қауымы да көңіл айтып кірді. Бұл ұлттың марқұммен қоштасу ерекшелігі бар екен. Көңіл айтып кірген адамдардың барлығына мәйіттің бетін ашып көрсетеді. Мүрдесін бөлменің дәл ортасына жатқызып қояды. Келген кісілер бетіне қарап шығу керек екен. Және олар ешкімді күтпейді. Егер таңда жүріп кетсе, түскі он екіге дейін жерлейді. Егер түстен кейін қайтса, келесі күннің таңында шығарып салады екен. Мен мұны білгенде Қазандағы татар досыма хабарластым. «Неліктен мәйітті ашып көрсетеді?» десем, «Біз осылай қоштасамыз» дп жауап қатты. Және ол біздің ерекшеліктерді сұрап, оған таңданды.
Ал ұйғыр ағай түнде қайттыпты. Оны да түскі уақытта жерлей салды. Алыстан ешкімді күткен жоқ. Жиналған қауыммен қоштастырып, тез арада алып кетті. Арнайы мал сойып, ас әзірлеген жоқ. Бірінші, ер адамдар, екінші, әйел адамдар ауыз тиіп, қайтып жатты.
Екі өлімде де байқағаным. Ешкім дауыс шығармады. Ешкім жоқтамады. Бәлкім, қала болған соң ба, әлде расымен де осылай ма, мен ол жағын білмедім.
Бір кісіден естігенім бар. Қателеспесем, ингуштар (әлде шешендер) өлім кезінде билейді. Осылай олар жын-періден аулақ ұстап, өліктің о дүниеге жеңіл кетуіне ықпал етеді (егер қателессем, айтарсыздар, нақытысын білмейді екенмін).
«Өлім – сын» дегенді көп естимін. Расында да, бұл салт сыннан құралған. Елдер жылап қана келмей, сынап та келетін сияқты. Сол үшін барлығы молынан болсын деп тырысып бағамыз. Бұл бір жағы. Ал екінші жағынан өлікті абыроймен жөнелту біздің басты парызымыз.