Өлгендер қайтып келмейді...
блог
Ретроспективалық сұхбат
«Өлгендер қайтып келмейді...»
Бердібек Соқпақбаев атамыздың «Менің атым – Қожа» атты повесін оқып, фильмін көрмеген бала кемде-кем шығар,иә?! Мен де бала кезімнен Бердібек атамыздың Қожасын мың мәрте тамашалап, «Балалық шаққа саяхатын» сан қайтала оқып, «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармасы арқылы өмірді таныдым. Балалар жазушысы, балалар әдебиеті деген атаулардың биігінде осы Бердібек атамыздың бейнесі тұрары анық. Балалар әдебиетінің атасымен сырласу менің мектеп кезінен бергі арманым еді. Алайда, Бердібек атаның өзі айтқандай - «Өлгендер қайтып келмейді...»
Журналистика факультетіне оқуға түскеннен кейін бізге профессор Кәкен Қамзин ағайымыз «Қазіргі журналистиканың жанрлары мен пішіндері» атты сабақтан дәріс оқитын болды. Бір дәрісінде сұхбат жанрына тоқталды. Сұхбаттың өзі сан түрлі болатынын, оның ішінде ең қызықты және қиын түрі – ретроспективалық сұхбат екенін айтты. Оның ерекшелігі неде деймісіз? Ретроспективалық сұхбат – өмірден өткен тұлғалармен сырласуға бағытталған сұхбат түрі. Кейіпкердің шығармалары арқылы оқырман сауалына жауап іздеу. Сұхбаттың осы түрін пайдаланып, мен бала күнгі арманымды жүзеге асырдым. Бердібек Соқпақбаевтың туындылары арқылы санамдағы сансыз сауалдардың жауабын жүйелеп жазып шықтым. Сіздерге де қызық болар деген ойдамын.
- Бердібек ата, адамның туған топырағы талантын шыңдайды дейді. Сіз қай өлкеде дүниеге келдіңіз?
- Нарынқол, туып-өскен ауданым-ай,
Көркем жер болмас сенің аумағыңдай.
Кетерде сенен ұзап көзім қимай,
Қызыл тіл өлеңдетіп зуладым-ай!
(Бердібек Соқпақбаевтың қойын дәптерінен)
- Балалар қаламгері балаша ойлап, баланың жанын түсіне білуі керек. Өзіңіздің балалық шағыңыз қалай өтті? Қандай отбасыда дүниеге келдіңіз?
- Әкеме мен бір жағдайда өте риза болатын едім – ол өмірбаян жазып, анкета толтырған кезде. Кез келген қарапайым анкетада «әке-шешең кім болған?» деген сұрақ туады. О, бұл сұрақ – барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы. Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор. Мінекей, әлгі сұрақ алдымнан шыға келген кезде менің көзім жайнап кеткендей болады. Жауапты құлшына жазамын – менің әкем де, шешем де кедей болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей. Менің жалқау әкем дүниеге кім болып келуді, тарих үшін қай таптың өкілі болу артық екенін ерте білген. Міне, осы үшін де мен әкеме риза едім. Ыдеке, жарайсың!
Ал шешем Әсбет тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді. Үйде түк болмай қалған күнде де шешем мені аштан өлтірмейді, әйтеуір бірдеңе тауып, өз аузына салмастан менің аузыма тосады. Қыз кезінде шешем көрікті болыпты. Орта бойлы, қыр мұрын, қызыл шырайлының әдемісі болғанға ұқсайды. Ал мен ес білгелі ол науқасшаң. Ауру мен жоқшылық қоса қабаттасып құр сүлдері қалған. Соған қарамастан, күні кешке қыбыр-қыбыр қимылдаумен болады. Жоқты бар етіп түтін түтетеді.
(«Балалық шаққа саяхат» хикаятынан үзінді)
- Жетім балалардың тағдыры талай шығармаларыңызға арқау болған. Мұның сыры неде?
- «Жетім» деген сөзде нендей суық мағына жатқанына мен бұрын зейін қоймайды екем. Шешем өлген соң енді білдім... Үлкендер жетім екенімді аяушылықпен есіме салады. Ал балалар ұрсып қалғанда «жетім» деп боқтайды. Мен үшін екеуінің мағынасы бірдей. Аяп айтса да, ұрсып айтса да «жетім» деген сөз менің жүрегіме қанжар болып қадалатын. Дүниеде мен үшін бұдан жексұрын сөз жоқ.
(«Балалық шаққа саяхат» хикаятынан үзінді)
- «Өлгендер қайтып келмейді» атты романыңыз бар. Неге мұндай тақырып таңдадыңыз? Шығарманың аты мазмұнын ашпайтын секілді болып көрінбей ме?
- Менің көбірек тер төгіп, көп қиналып жазған дүнием – үш дәптерден құралатын «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Әуелі осы романның аты жөнінде оқушылар хаттарында немесе кездесулерде берілетін сұрауларда: «Сіз романыңызды неге бұлай атадыңыз?» Өлгендер қайтып келеді деп біреу сізбен дауласты ма? Бұл кітапта ешкім өлмейді ғой, ендеше, неге олай аталған?» деген секілді сөздер айтылады. Шығармаға ат қоя білудің де зор мәні бар. Жазушының өмірге көзқарасы, мінез-құлқы сезіліп тұрады дер едім мен бұдан. Ағылшын жазушысы О.Генри бір кітабын «Король және капуста» деп атаған екен. Жұрт «неге бұлай атадыңыз?» деп сұрағанда беретін жауабы: «Бұл кітаптың ішінде король туралы да, капуста туралы да бір ауыз сөз жоқ. Ненің король, ненің капуста екенін оқырман өзі анықтасын».
Өлетін тек адам ба? Іске аспаған арман, қол жетпеген мақсат, бір нәрседен түңіліп, талақ ету, үзілген үміт... Осының бәрі өлген емей немене?
(«Қазақ әдебиеті», 16 қаңтар, 1981 жыл)
- Барлық шығарманы бірінші жақтан жазасыз. Соған қарағанда, басты кейіпкері – бала Бердібек болуы керек. «Өлгендер қайтып келмейді» романы «Балалық шаққа саяхат» хикаятының жалғасы секілді. Осы романдағы басты кейіпкер Еркін мен сіздің ғұмырыңыз қаншалықты ұқсас?
- Шығарманың бас геройы Еркін – жас азамат. Мақсатыма жетемін деп жүріп, көп сүрінеді. Өмір жолы бұралаң қиын жол екенін, кітаптан жаттап алған қағидалар, кейде кәдеге аспай, өлі жүк болып далада қалып қоятынын біртін-біртін түсінеді. «Осындағы Еркін өзіңіз емессіз бе?» деп сұрайды түсінгіш оқырманым. «Тоқсан проценті өзім» деп жауап берем.
(«Қазақ әдебиеті», 16 қаңтар, 1981 жыл)
Бердібек атамыз айтқандай, «Өлгендер қайтып келмейді». Бірақ, жазушы өзінің бір сөзінде:
Жазып та көрдім өлең мен,
Жазып та көрдім қара сөз,
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейтін тек дана сөз,- деген екен. Балалар классигі өлсе де, оның жауһар туындылары әдебиет сахнасының төрінде, балалар әдебиеті ешқашан өлмейді.
PS: Алғашында ретроспективалық сұхбат жасау мен үшін аса қиын шаруа болып көрінгені рас. Әрине, бұл қажырлы еңбек пен үлкен ізденісті талап ететін жұмыс. Алайда, сұхбаттың бұл түрі күрделі болғанымен қызықты және берері мол екен. Өмірден озып кеткен тұлғалармен сұхбаттасу – тарих қойнауына саяхат жасап, тау тұлғалардың рухымен сырласумен тең.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Соқпақбаев Б. «Балалық шаққа саяхат»
- Соқпақбаев Б. «Өлгендер қайтып келмейді»
- Соқпақбаев Б. «Менің атым - Қожа»
- «Қазақ әдебиеті» 16 қаңтар, 1981 жыл.
Дана Маратова