«Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» немесе неге қазақ аз өмір сүреді?

Өмір Алланың бізге тартқан ең үлкен сыйы. Қазақта «тағдыр», «жазмышта озмыш жоқ», «маңдайға, пешенеге не жазған, соны көресің» деген бар. Сонымен қатар «Адам өмірі қамшының сабындай» деген ой да кездеседі. Екеуі екі түрлі болғанымен арасында әрбіреуіміз жете түсіне бермейтін, түсінбегендіктен, көңілімізге тоқи алмаған бір ой көпір жатыр. Ғалымдардың айтуы бойынша адам табиғатынан 120 жыл жасай алады екен. Алайда өз басым теледидардан болмаса өз көзіммен жүзден асқан не жүз жиырмаға жақындаған қарияны көрген емеспін. Табиғатты, тіршілікті, өндірісті бағындарған, өз өмірінің қожасына айналған «ұлы» адам неге өзіне бұйырған жүз жиырма жыл өмірге қол жеткізе алмауда?!

      Есіме кішкентай кезімде көкем «Қаңбақ шал» дейтін ертегілер жинағынан оқып беретін бір ертегісі түсті. Атауы жадымда сақталмаса да, мәні, мазмұны ойымнан кетер емес. Бірде Жаратқан ие барлық тіршілік иелерін қасына шақырып, оларға өмір сүру жасын бөліп беріпті деседі. Барлығына теңінен бөлгенде соңында адам қалыпты, сонда адамға 25  жыл өмір сүру ұзақтығы бұйырыпты. Бұған келіспеген, қанағат жасамай, аздық еткен адамға Жаратқан ие маймылдың, есектің, иттің өмірлерін қоса беріпті. Содан дейді адам бір мезет адам келбетінде,  бір мезет маймылша қалжыңдаса, бір мезет есекше қиямет көріп, күнкөріс қамымен белін жазбай ауыр еңбек етсе, бір мезет иесінің үйін, мүлкін күзеткен иттей дүниеқорға айналады екен.

    Кезінде философ Протогор «Адам-барлық тіршіліктің, нәрсенің өлшемі» деп бекер айтпаған. Адам қиындықты көре отырып, азап шеге отырып есейеді, азамат, тұлға ретінде қалыптасады. Қазақта «бір туып, екі өлмек жоқ» деген даналық бар. Бірақ менің ойымша адам екі рет туып, бір өледі. Адам іңгәләп дүниеге келгенде, ол оның бірінші рет туылуы немесе тән бастамасы. Ал өмірдің ащы-тұщысын тартқан, не жақсы, не жаман екенін ажырататын, келер ұрпаққа үлгі көрсетіп, өнеге-өсиет айтатын қарияның сондай жасқа жетуі оның екінші рет туылуы не жан бастамасы дер едім.

   Адамның күнкөріс қамы жақсарған сайын адамның өмір сүру жасы да ұзаруда. Бұл қуанышты жағдай. Алайда жерде екі тиын жатса, бірін көтеріп, екіншісіне телміріп неге қарап тұруымыз керек?! Мен жастармен өз өмір тәжірибесімен бөлісіп, ақыл айтып, жол сілтейтін қариялардың арамызда көп болғандығын қалаймын немесе кезінде бейнет көрген жандардың немере,шөбере, шөпшектерін бауырларына қысып, маңдайларынан иіскеп зейнет көруін қалаймын.

   Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы қандай деген сұраққа бір шешімді жауап беру қиын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2008 жылғы деректері бойынша, Қазақстанда өмір сүрудің орташа ұзақтығы-66 жыл. Әйелдерде бұл көрсеткіш  67-72 жасқа шамалас, ер адамдарда ол бар болғаны 58-61–жас.

    БҰҰ Даму бағдарламасының «2009 жылы адам дамуы туралы баяндамасында» халықтың өмір сүру ұзақтығының алғашқы бестігіне Норвегия, Австралия, Исландия, Канада және Ирландия енді. Халықтың өмір сүру деңгейін анықтағанда денсаулық, білім деңгейі және мәдени дамуы, қоршаған ортаны қорғау мен қылмыс деңгейі есепке алынған. Бұдан бөлек, рейтингті анықтауда халықтың өмір сүру ұзақтығы, жан басына шаққандағы ІЖӨ (Ішкі Жалпы Өнім) және сауаттылық көрсеткіші, сондай-ақ қоғамдық өмірге араласу мүмкіндігі және еркіндігі ескерілген. Рейтингке әлемнің 182 мемлекеті енді. Қазақтан өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғалуы жағынан әлемде 82 орын алады.

   Мұның барлығы санға толы статистика. Статистика ойға жетелеп, ойды бекітетін қажет дүние. Әлемдік статистикаға қарап мен қазақ неге ұзақ жасамайды деген сұраққа қалдым. Бәрімізге белгілі адамның ұзақ өмір сүруіне оның тамақтануы, спортпен шұғылдануы, өмір сүру салты, зиянды әрекетерінің болуы, болмауы және тұқым қуалаушылық немесе қан әсерінен болады. Алайда біз осы факторлармен тоқталып қалмауымыз мақсат. Меніңше адамның ұзақ өмір сүруі, сүрмеуі оның тағдырына, содан соң психологиялық жай күйіне байланысты. Бүгінгі таңда жастар арасында «мысли материализуются» немесе «ойлар жүзеге асырылады» деген сөз тіркесі жиі айтылуда. Сол сияқты ұзақ өмір сүру адамның көңіл күйіне, оның қандай ойды ойлауына тікелей байланысты. «Дені саудың, жаны сау» сияқты ойы тазаның, жүрегі таза. Жүрегі өкпе, реніш, қайғы, өкініш, жауыздық пен жалғыздыққа толының ұзақ өмір сүрмесі хақ. Біз қазақ о бастан еріншек халықпыз. Дегенмен өркениет дамыған сайын адамзат дайын нәрсені пайдалануда, соның кесірінен еріншектікке бой ұрған. Соған қарамастан Швеция, Швейцария, Норвегия және Дания сияқты Еуропаның ең дамыған жерлеріндегі тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы ерлер үшін 78 жасқа, ал әйелдер үшін 83 жасқа тең. Демек мәселе еріншектікте емес. Өз басым мәселе біздің өзімізге бейжай қарауымызда, дұрыс көңіл бөлмеуімізде сияқты. Дана бабамыз мыңдаған ғасырлар бұрын «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деп айтып кеткен. Кей кезде осы мәтел қазақ халқы туралы айтылған ба деп ойлаймын. Өзіміз өзімізге ор қазамыз да жүреміз. Сізге бір-ақ мысал келтірейін. Бір таныс досымның отбасында күнде ұрыс-керіс, жанжал, өзара түсініспеушілік. Ата анасы ажырасайын десе, көршілер не дейді, туыс не дейді, балаға қайтіп түсіндіреміз деп байбалам салып әлі ажыраспады. Бір жағынан ажыраспағаны да дұрыс шығар, өйткені кез келген бала бүтін, толық отбасыда тәрбиеленуі тиіс. Басқа жағынан алып қарасақ күнде ұрыс естіп, психологиялық зақым алғанша, тыныш не әкесінің, не анасының қолында өскені жақсы емес пе?! Ал ата анасын айтам да, анау не айтады, мынау не айтады деп өз өмірлерін аяққа таптауда. Бізде қазақта осындай керегі жоқ жерде керек болып қалатын жалған намыс, жалған ұят бар. Ұрыстан діңкесі құрып, шаршағандар қанша өмір сүреді дейсіздер?! Мүмкін сол себепті ажырасуды, қайтадан тұрмыс құруды құптайтын елдерде өмір сүру жасы ұзағырақ.

   Біздер қазақ халқы кез келген жайтты жүрекке жақын қабылдаймыз, өзімізді емес өзгелердің не айтатын көбірек ойлаймыз. Сонымен қатар бізге жігер, рух, сергектік жетіспейтіндей көрінеді. Әрбіреуіміз қиын сәттерде Мұхтар Шахановтың «Кім айтты саған ақ көйлек кірлемейді деп, тұяқ сүрінбейді» деген өлең шумақтарын естен шығармауымыз керек. Өткен шақ, ол өтті-кетті, болды, бітті, осы шақ, ол осы сәт, келер шақ, оның қандай болатынын, бізді алда не күтетінін ешкім білмейді. Сол себепті өткенге реніш білдірмей, болмаған, болмайтын нәрсеге бас ауыртпай дәл осы күнмен өмір сүріңіз. Қанша жыл жасайсыз, көп пе, аз ба, бәрібір. Мақсат қазақтың өмір сүру ұзақтығын ұзарту ғана емес адамдардың сол өмірін мәнді, сәнді, қызықты әрі бақытты өткізуінде.



Бөлісу: