Қазақ елінің, қазақ өлеңінің Фаризасыз өтіп жатқан өміріне қырық күн толды.
«Жастығы пен талантының бірдей жарқылдаған сәтін» көрмеген ұрпақ Фаризаның «шамырқанғанда шарт сынатын болат» мінезін, өлеңі арқылы ойын, сезімін асқақ әрі ашық айта алатын болмысын көрді. Бала, тіпті немереге жарайтын буын ақын жырларын өз жүректерінен шыққан лебіз деп ұқты. «Мазасыз шақ» жинағы шыққан сәтте-ақ қазақ өлеңсөзінің көгіне қалықтап шыққан ақынның артынан аңыз ерді. Әбіш Кекілбаев: «маған өзінен бұрын сөзі жетті» десе, бізге сөзінен де бұрын «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» деген ән мен аңыз жеткен.
«Махаббаттың ләззатымен қатар адам төзгісіз машақатын» (Пушкин) ғазалдарына өріп, ішкі арпалысын жасырмай жырына қосты. Қазақ қызына жат деп есептелетін бұл қылық Фаризадан кейінгі ақын қыздарға үлгі болған-ды.
Мен сонда жылап қалғам,
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Бұның бәрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан.
Сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай,
Алып ұшып жеткенде жырақтардан.
Кездеріңді алдымда құлап-талған,
Өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын...түк болмағандай безергенің.
Осыларға түсінбей мың ақтарғам,
Басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің соншалық жалғандығы
Сен үшін бір сәт екен арман құны!
...Мен сонда жылап қалғам,
Өзіңді жек көргеннен және де
...ұнатқаннан!
Фариза Оңғарсынованы кейінгі ұрпақ жамиғатқа сөзі өтетін екі адам болса, соның бірі деп қабылдады. Айтқаны заң, бұйырғаны орындалмай қалмайтын адуынды ана деп түсінді. Жыры қызыл сөзден аулақ, тегеурені тепсініп тұратын, ішкі қуаты мол ақын ретінде жақсы көрді. Қатал болса да әділдігін айтатын, жақыны болса да кемшілігін жасырмайтын, халық дегенде бұғып отыра алмайтын қазақтың батыр перзенті деп сүйді.
Әдебиетші қауым жұлдызы оңынан туған, бағы өзгелерден бес елі артық екенін айтпаса да, іштей мойындады. Өлеңге адалдығын, қанымен біте туған талантын сезді. «...Өмірдің өткелдерінен қиындық көп көргеніммен, өртеніп от басқаныммен, өзіңмен қоштаспадым мен; күлкімді, жайлы күнімді, азапты, қайғы-мұңымды өзіммен бөліскенің үшін, қатем мен жеңістерім үшін, менің мынау қиындау тағдырым болып, о баста көріскенің үшін, Өлең, мен сені аялап өтем!” деген ақын өмірден озғанынша осы сертінен айнымағанын көрдік.
«Фариза... Көп қазақтың құлағына бұл сөз Париза болып шалынады. Оның көлігінен түсіп жатқанын көріп, ағылып алдынан шыққан ағайынның: “Пәризамыз келіп қалыпты ғой!” – деп еміренгендерін талай естідім. Пәриза... Пәризамыз... “Пәлі, ризамыз” дегендей болып естіледі» деп жазған екен Әбіш ақсақал. Қазақ поэзиясына дүркіреп келіп, сол екпінмен күркіреп өте шыққан, қазақ ақын қыздарына соны соқпақ салып кеткен аяулы жанға, ардақты адамға соңында қалған халқы да разы!