Өлеңім - өмірім!
жеке
блог
блог
Мініп кейде, жыр-қайық бесігіне,
Шабыттанам, жатқандай есіп Іле.
Білмедім, Туған жердің топырағы ма,
Тартқан мені жыр-өмір есігіне...
Есейеді жыл өте ой мен сана,
Өмірде қатар жүрер ақ пен қара.
Қиналып, тығырыққа тірелгенде,
Ақтарар бар сырымды өлең ғана.
Кез болсам қиындықтың қандайына,
Тәтті бір жыр келеді таңдайыма.
Мүмкін, бұл - сыйы болар бір Алланың,
Туылғанда жазып қойған маңдайыма.
Мен ақын болмақ емес, бола алмаспын,
Жырыммен қағаз бетінде сыр алмастым.
Жадыратар, жабырқаған кездерімде,
Көріспей, өлең, сенсіз жүре алмаспын.
Кел көмекке, келе берші, өлеңім,
Сынса көңілім, қуанышқа бөледің.
Болашаққа қадам басқан толқынға
Мәңгі "серік" боларыңа сенемін!