ӨЛЕҢГЕ АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ.
Бәйтерегім жайылған тамыры терең,
Мен үшін баға жетпес биік өрең.
Қуанышым, қайғымды бөлісетін,
Сырласыма айналдың қайран өлең.
Өзіңе кінә артып мін тақпаймын,
Белгілі бақытым да саған қайғым.
Жыласам да күлсем де ақ қағазды,
Өлең толы жолдармен шимақтаймын.
Мұң шағамын бірде қарт, болып бала,
Бірде болам ақылман алып дана.
Айтқаныма көнетін қара өлеңім,
Ақтарыла сыр айтам саған ғана.
Толтыра жаза берем қағаз бетін,
Сәттерді қуанатын өкінетін.
Бес күндік мына жалған дүниеде,
Сен ғана түсінетін... кешіретін.
Ойымды өрнектеймін өлең етіп,
Өмір өтіп барады текке кетіп.
Үнсіз ғана тыңдайсың мені өлеңім,
Дегендей алмайын деп өкпелетіп.
Мен болып ашуланып бұлданасың,
Дүниеде мәңгі қалар сен ғанасың.
Өлсем де, бәз біреулер есіне алар,
Сен арқылы қазақтың бір баласын.
Өлеңім тыңдай берші тыңдай берші,
Арамызда айтылмай сыр қалмасын...
Нұрсұлтан ТҰРЫСБЕКОВ
(27.01.2014)