"Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы"- деп кеткен Абай хәкімнің сөзін қазіргі жас қалай түсініп жүрміз? Ия, шынымен қазіргі кезде екінің бірі өзін ақынмын деп санайды, ал шынтуайтына келгенде олардың шығармашылығы тек әлеуметтік желілердің "жұлдызы" болу мақсатында ғана жазылған. Әрине, шыңармашылықпен айналысу деген жақсы, бірақ желілік жұлдыздардың кесірінен Абай, Шәкәрім, Пушкин сынды классиктердің атына кір келмесе жақсы.
Осындай бір ақынсымақтардың маған: "сен өлең түсінбейсің" деп кінә таққандар бар. Шынымен, мен өлең түсінбейтін шығармын. Өйткені Абайдан, Мағжаннан, одан қалса Шахановтан өлең жаттап өскен адам үшін, заманауи поэзияны түсінуі қиын шығар. Қайдағы бір ақынсымақтардың әлеуметтік желіде жұлдыз болғанын мойындай алмағанымнан содан пікір туар. Ал сіздің туындыңыз шынымен оқуға тұрарлық дүние деп, кейінгі ұрпаққа мұра боп қалар дәрежеде деп айта алмаймын. Тек ұйқас бар,мағыналық байланыс жоқ нәрсені өлең деп атасыңыздар, мен өлең түсінбейтінім рас. Ал Абайдың өлеңіндегі бір ғана жол сізге ұлылардың шығармашылығына араласуға мүмкіндік бермейді. Ең алдымен, сол сөздің жалғасын оқып шығыңыз.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?