Өлеңдер

Мені әлсіз деймісің...әлсіз емен.. мықтымын,
Мендегі мықты жігерді айтшы зерттеп ұқты кім?
Жылауықпын, ол да рас, жаспен бәрін шығарам,
Торламас үшін жүректі ішімдегі бұлтты мұң.

Мені ақымақ деймісің болатын біраз әлегі,
Ақымақтыққа жақындау көңілдің рас сәл ебі.
Қас пен досты тең көріп, ара-жігін бөле алмас,
Осы болар мендегі ақымақтықтың дәлелі.

Мені қорқақ деймісің, қорықпайтын бар ма жан,
Бір Аллаға сыйынып, қорқамын бір Алладан.
Жоғалтудан қорқамын туған-туыс барымды,
Имансыздан қорқамын заманымды жалмаған.

Мені момын деймісің таба алмас істің орайын,
Қой аузынан шөп алмас әлжуас болсаң сол уайым.
Әке-шешем ақкөңіл, аңғал, ашық адамдар
Ұқсамасаң тумағыр, қалай пысық болайын.

 

 

 

 Сары алтын, сары күз

 

Алтындай жарқырап сарғайды атырап,

Жалаңаш қарағаш жаурады қалтырап.

Мендегі ең соңғы үзілген үміттей,

Амалсыз   үзілді  ең соңғы жапырақ.

 

Сап-сары,  алғандай алтыннан жаралып,

Салқын күз жанымды барасың жара қып,

Мендегі  ашылмай түйілген қабақтай,

Түйілді аспанға ап-ауыр қара бұлт.

 

Ұшса да алыста құлаққа даусы ұрып,

Қарғалар шуласты, қалған ба дау шығып,

Табиғат суретші сарыға бояды,

Қалғандай сарыдан басқа түс таусылып.

 

Сап-сары айнала, салқын жел, сары күз,

Алғашқы қарменен таусылар зарыңыз.

Ақ қардың  астында қалсыншы жыр, мұңдар,

Көктемде оятып алармыз әлі біз.

 

 

 

 

Өмірім- даңғыл жол

 

Ей,  өмір,

Сен даңғыл жолға ұқсайсың,

Кейде түзу жолды көрсетіп,

Кейде шұңқырларды нұсқайсың,

Бабыңды білгенге көктемсің,

Білмейтін бейбаққа қыстайсың.

 

 

Ей тағдыр,

Сен даңғыл жол тәріздісің,

Кешірмейсің қате басқан әр ізді шын.

Бұрылыстар бар сенде қаптап жатқан,

Көрсетші  қайырлысын, маңыздысын.

Жол шетіне  итеріп құлатпассың

Ақиқатқа жалғарсаң аңызды шын.

 

 

Ей уақыт,

Сен жолсеріксің 

Кетесің тыным таппай жортасың да,

Неге бізден қашасың, қорқасың ба,

Керісінше біз сенен қорқып жүрміз,

Айналудан  уақыттың олжасына,

Жақындардың  талайын  көміп кеттің,

Даңғыл жолдың  қалаған ортасына



Бөлісу: