Жыламашы балапан, жыламашы өтінем,
Мына өмір қатыгез қақты-ау қатты бетіңнен.
Бәріңе бір-бір анадан тауып берсем, шіркін-ай,
Мейірімге масайрап қалар едің шетіңнен.
Жыламашы балақай, жасқанбашы, жасыма,
Бір-бір қамқор әкеден үлестіре қасыңа.
Әкеліктің қадірін түсінбеген бейбақтар
Осы күйді өзінің берсе екен басына.
Күлімдеші балақай, жәудіреме жасқанба,
Адамдардың жүрегі болып кеткен тастан ба
Жүрегі жоқ әкемен, мейірімсіз анадан,
Қамқорлығы мың есе бір Алла бар аспанда.
Сен мендік емессің, мен де саған жат па екем?
Сонда да сен сыйлаған сезімнің мұңы тәтті екен.
Сонда да сен жазатын хаттарың талай жылатып,
Талай мәрте күлдірген бақ алдамшы, әккі екен.
Сен мендік емессің, мен де саған бөтенмін,
Бірақ бәрін бір сәтте ұмытып қалай кетермін.
Сен сыйлаған арманды, дәл сол арман қалпында,
Сырын дағы кетірмей, мен арқалап өтермін.
Сен мендік емессің, төзіп келем бұған мен,
Сен жайлы ойлар келуде, қанша мәрте қуғанмен.
Шабыт берген шыңдарың күтуде мені қол бұлғап,
Демеу болған сөзіңмен шыңдарға енді шығам мен.
Сен мендік емессің, қарамассың елеп те,
Жауапсыз қалған махаббат, айтшы маған керек пе?
Талай жырдың маржанын жазып едім саған мен,
Талайы кетті мыжылып, қоқысқа толы себетке.
Гүл теруші ем, есіңде ме қырлардан,
Сол кездері менде болған нұрлы арман.
Сол кездері менің жанған жанарым,
Жанарыңа кез боп қалды ұрланған.
Сенің және менің жаным егіз боп,
Дәл егіз деп айтатындай негіз көп.
Шағала боп шырқап жатсам көгіңде,
Сен толқыдың мені сүйген теңіз боп.
Гүл теруші ем, жалаң аяқ, жай басып,
Мен едім ғой саған сонда жай ғашық.
Дәл сол сәтте жетелесең қолымнан,
Кетер едім тіпті мейлі, айды асып.
Гүл теруші ем, әуендеткен қарқында,
Көңілді еді даусым менің, жарқын да.
Дәл сол күйде мені есіңде сақташы,
Гүл теретін, көңілді қыз қалпында.