Өлеңдер

Сен тәттісің,  тәттіге құмар бәрі,

Құмар бәрі шыққанша құмарлары

Балға қонған шыбындай болмаса игі

Әрқайсымен кететін құнарлары.

 

Аумайсың   таудың азат елігінен,

Бөлісе алар екем сені кіммен.

Қызғанамын мен сені, өтінемін,

Сүйгізбеші ешкімді ерініңнен.

 

Сылтау іздеп тұрғам жоқ тиіспекке,

Мендегі қызғаныш бір күй іспетте

Мен ғана аялайтын ақ жүзіңді

Жалынамын басқаға иіскетпе

 

Әркімнің қолы жетпес асыл тасым,

Қажет кезде қашанда қасымдасың.

Мен ғана құшақтайтын мойыныңа

Өтінемін басқа жан асылмасын.

 

 

 

 

 

 

 

Мен нәзік ем, жүрегім мақта еді

Туыстар қимаушы еді жатқа мені

Мына өмір шалды да аяғымнан

Жеткізбеді көздеген таққа мені.

 

Алға қойған  мақсаттар көп еді тым

Мақсатыма жете алмас деп еді кім?

Қалыспай,  жанталасып өмір кештім

Әйтпесе алдыңа әкеп береді кім?

 


Жас қыздың көкке ұшты сан арманы,
Сәттілік қу түлкі боп сан алдады.
Тәй-тәйлап бастап еді даңғыл жолды
Туп-тура түсе алмады қадамдары.

 

Жете алмадым мақсатқа, жеткізбеді.

Е Аллам бір бақытқа жеткіз мені

Балықтай нысанаға жүзіп едім

Өмір құрған торлары өткізбеді.

Е Аллам бір бақытқа жеткіз мені

 

 

 

Ғашықтардың беймәлім жайы көпке

Шықпағанша сүт құсап майы бетке.

Сүюге сені  қанша тырыссам да,

Сүйе алмадым, жарығым, айып етпе.

 

Жасыратын қалды екен енді несі?

Лаулап жанған сезімнің сөнді пеші.

Сені сүйіп кетем деп ойлаған ем,

Сүйе алмадым, амал не, ренжімеші.

 

Бетке айтуға білмеймін, бата алам ба?

Тек айналып кетпеші жат адамға

Сен сыйлаған жүрекке лайық емен

Өтінемін, сен  бұған  қапаланба.

 

 

Сабылысып, сарылып,  өмір кешіп келеміз,

Тіршілікпен айқасып, жеңілеміз, жеңеміз.

Бұ дүние уақытша, ол бәріне-ақиқат

Олай болса намазға жылғылмаймыз неге біз?

 

Уақыт аз деген желеумен, жүрміз уақыт өткізіп

Сауықтарға уақытты неге жүрміз жеткізіп?

Емтихандай емес ол, түрлі түрлі сылтауды,

Ақыретке барғанда айта алмассың сен тізіп.

 

Қолайлы емес дейсің бе?, Бұның болар арам ой,

Қолайсыздау болардай соғысы жоқ заман ғой.

Әлі жаспын дейсің бе, Кім білсін қанша жасармыз

Кейінге бәрін қалдырып, үлгермесек жаман ғой...



Бөлісу: