Өлең жазғым келеді,өлең жазғым,
Құрсаулап тастағанда өремді аз мұң.
Сорымнан арылмаққа ниеттеніп,
Бағымның шыңырауын терең қаздым.
Білмеймін, бірақ өлең, бақ па, сор ма?
Білерім ұшса – қыран, шапса жорға.
Сор іздеп бақытыма жолыққам жоқ,
Бақ іздеп кез болдым-ау патша сорға.
Өлеңді өмірім деп ұғынамын,
Түнім –сор, ал бағым – шұғыла күн.
Түн бойы тереңіне малтып сордың,
Күн бойы боламын-ау құлыма құл.
Өлең жазғым келеді,өлең жазғым,
Шиыршықтап сөккенде көбемді аз мұң.
Қара түнде соншалық сорға салар,
Тәкәппар, бірақ әділ, өлең бе азғын?
Шыңыраудан бақ іздеп сор тапқанда,
Маңдайыма басылған зор пәк таңба.
Бақ іздеп шыңға шықтым аңғармаппын,
Қалыпты ғой бақытым сор қақпанда.
Қайтейін,
Санамды басқан кезде кек тұманы,
Шабытым тереңіме кеп құлады.
Санама сыналанған заң ба, сірә,
Әйтеуір, өлең жазғым кеп тұрады.