Ол сені сүйеді (Қыздар үшін)
Сәбит Мұқановтың Бөтагөзіндей айнаға қарап тұрып, өзіңіздің көркіңізге тамсанасыз. Жүзіңізге тиген әрбір су тамшысының жылылығын сезінесіз. Алайда бар ойыңыз басқада. Ғашықтық – адам баласының басынан өткеретін ең құдіретті сезім. Жүрек пен ақылдың арпалысы денені түршіктіреді. Бойдың түршігуі - шынайы сезімнің белгісі. Ғашықтық сезімі ең қиын деген асуларды оңай өткеріп, өзімізді дүниеге жаңа келген сәбидей сезінуге мүмкіндік береді.
Ең батыл деген жігіттің өзі кейде осалдық танытуы мүмкін. Тіпті, өз сезімін бақылай алмайтын халде болуы да ғажап емес. Екі жастың арасында тұтанған махаббат отының жылы лебін айналадағылардың барлығы сезеді. Тек екеуі мұны мойындамайды... Олай болса, белімізді бекем буып, неге осал жігітті тексеріп көрмеске? Ол қарсы алдымызда тұрған жүз жігіттің арасынан суырылып шығып, бізді жетелеуге дайын ба?
Қыз баласының түйсігіне сенетіні айдан анық. Алайда түйсігіміздің де жаңылатын сәттері болады. Осы кезде бізге ым-ишара тілі немесе қарым-қатынас психологиясы көмекке келеді. Артынша бармағыңызды тістеп, опық жеп қалмас үшін, олардың көмегіне жүгініп көріңіз.
Өзіңізге ұнаған серінің сізде көңілі барын немесе жоғын төмендегі белгілер арқылы анықтай аласыз. Олай болса, іске сәт!
1. Көз – жан-дүниеміздің айнасы. Ұнатқан адамымызбен сөйлесіп отырған кезде оның көзінің қарашығына зер салғанымыз жөн. Көздің қарашығы көкейімізде құштарлық сезімі оянған кезде ұлғаяды. Әдетте біреуді ұнатып қалған кезде, оның көзіне тік қарай алмаймыз. Көзіміздің қиығымен ұрланып зер салуымызға тура келеді. Сол кезде оның қарашығының көлемін байқауға тырысыңыз. Бұл – ғашықтықтың алғашқы белгісі.
2. Байқаусызда тиіп өту. Объектімізге жақындай түскіміз келеді. Ол өткінші сезімді көтермейтін, өзіне саусағыңның ұшын тигізуге тыйым салатын магнит секілді. Жүрегің алып-ұшып жақындағың келсе де, қауқарың жетпейді. Егер сіз ұнатқан адам көпшіліктің арасынан суырылып шығып, қолыңыздан ұстауға ұмтылса, ол сізді ұнатады. Кейде сізге көмектесу мақсатында беліңізден ақырын итеріп, демеп жіберуі мүмкін.
3. Қос жанардың түйісуі. Ұжыммен бірге ойнап отырып әзіл айтылған кезде, қос ғашық бір-бірлеріне қарайды. Осы белгіге де назар аударыңыз. Бұл тек ойынға қатысты емес, одан өзге де жағдайларда болуы мүмкін.
4. Сырт келбет. Ғашығымыздың алдында әрдайым сұлу болып көрінгіміз келеді. Бірі – шашын таранса, екіншісі – түймесін, жағасын жөндейді, үшіншісі – үстін қаға бастайды.
5. Жымию. Күлкінің көп түрі болады. Егер ғашығыңыздың өзіңізге деген ықыласы болса, сізге қарап күлген кезде, ернінің екі шеті бірдей көтеріледі. Мұнымен қатар, тістерін көрсетіп күліп тұрған болса, жан-дүниесі сізге ашық деген сөз. Ол сіздің жаныңызда өзін жайлы сезінеді.
6. Затты сипалау. Бұл белгі көп жағдайда бойжеткендерде көрініс табады. Бойжеткендер ғашығының алдында қолындағы затты сипалап отырады.
7. Ашық дене күйі. Сіздің ғашығыңыз қолын немесе аяғын айқастырып тұрған болса, ол қамқорлықты, қауіпсіз аймаққа кетуді талап етіп тұрғаны. Ал дененің ашық қалпы керісінше сыйларыңыздың жарасып, жақсы қарым-қатынаста болатындықтарыңызды білдіреді.
8. Коммуникациямен байланысты қиындықтар. Өзіңізге ұнайтын адаммен сөйлесіп отырған кезде, ақылға сыймайтын әңгіме айтасыз немесе не айтарыңызды білмей әбігерге салынасыз. Тіліңізге дені дұрыс әзіл оралмай, сөздік қорыңыздың қандай екенін білдіріп қоясыз. Әрине, аталған әрекеттің өте күлкілі екені рас. Алайда ол қарым-қатынастың ары қарай өрбуіне жағдай жасайды.
9. Ғашығымыздың бізге деген ықыласын тексерудің тағы бір әдісі бар. Алайда ол өзгелеріне қарағанда нар тәуекелге баруды талап етеді. Әдетте бір-бірін ұнататын адамдар іс-әрекеттерін де айнытпай салып отырады. Оны дастархан басында қарама-қарсы отырған кезде бақылай аласыз. Яғни ұнататын жандар бізге икемделуге тырысады. «Мәселе сенде» фильмін көрген болсаңыз, жігіт қыздың әлеуметтік желісін бақылап, оның қалағанын орындап отырады. Осы секілді сіз де ғашығыңыздың компьютерінде өзіңіздің әлеуметтік желідегі аккаунтарыңызды ашық қалдырып, артынша әрекетін бақылай аласыз. Ол сіздің архивіңізді оқитыны анық. Мүмкіндігінше өзіңізге жат қалауларыңыз туралы жазып, оның осыған сай әрекет жасайтындығын немесе жасамайтындығын бақылаңыз. Ғашығыңыз сіздің оғаш қылықтарыңызды біле тұра ұнатса, ол сіздің мәңгілік жарыңыз болуға лайық адам болғаны.
P.S:
Сезім мәселесіне келген кезде, ақылды емес жүректі тыңдау керек. Өйткені өзіміз сүймейтін адамды әлемнің бар алтыны мен жақұтын сыйға тартса да, сүйе алмаймыз. Қамқорлық та көрсетпейміз. Жүрегіміздің есігін ашып, өмірімізге араластырудан да бас тартамыз. Ғашығымыздың бізге деген шынайы сезімінің бар, жоғын түсіну үшін Шерлок Холмс болудың қажеті жоқ. Аз ғана зейінділік пен өзімізге деген сенім болса жеткілікті. Бақытты болу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Өзіңізге жымиған адамға сіз де қуаныш сыйлаңыз. Ең бастысы, қайда, кіммен жүрсеңіз де, бақытты болыңыз!
Ал Сіз бұл сезімді басыңыздан өткеріп көрдіңіз бе?