Ол кімге керек дейсіз ғой? Маған...

Ол кімге керек дейсіз ғой? Маған...
жеке
блог

Адамды ренжітіп аламын деген ойымда да жоқ… Бүгін жұмыс барысымен Алматыдағы ақпарат агенттігінің бірінде істейтін әріптесімнің телефонын сұрайын деген оймен поштасына хат жаздым. Орыс тілді журналист болса да, оның көрген жерде ана тілінде амандасқаныма қайтара қазақша жауап бергені есімде. Сол себепті ұялы телефоныңызды жазып жіберіңізші деген өтінішті қазақша жазып едім. Жауап тез-ақ келді. Орысша. Бола берсін. Бірақ байланыс телефоным төменде депті. Онда ұялы телефон жоқ. Екінші мәрте өтінішті орысша жаздым. Оған ашуланғам да жоқ, таң қалғам да жоқ. Күнделікті өмірде көріп жүрген жағдай… екінші жауап келді. Сөйтсем, әріптесім қазақша жазғанымда өтінішімді дұрыс түсінбепті. Шынымды айтсам, ыңғайсызданып қалдым. Түсінбегеніне емес, оның ыңғайсыз жағдайда қалғанына. Ештеме етпейді деген оймен, кешірім сұрадым, орысша жазып жүрген журналист екенін біле тұра, қазақша амандасқанына қарап ана тілінде жазғаныма. Және кешірімнің жанына J қойдым да, қайта жауап бердім. Сол-ақ екен жұмыс телефоным шырылдады. Тұтқаның арғы жағында әлгі әріптесім. Салмақты дауыс, бірақ реніштің нышаны бар. Сіз менің қазақша түсінбегенімді мазақ еттіңіз смайлик қойып, деді, шамалы абдырап. Басында түсінбей қалдым, сосын жаман ойымның жоқтығын айта кеттім… қандас қара көзді ана тіліңді білмейсің деп кекету немесе мазақтап, мысқылдау бойыма жат қасиет. Ондай мәселеге түсіністікпен қарайтын адаммын. Себебі, әркім өз бойындағы қасиетті, болмысын, сауатын, қала берді өмірін өзі қалап, өзі қалыптастырады емес пе? Иә, мемлекеттік тілге келгенде «көкірегі ояу қазақ», бірінші кезекте «ана тілінің намысын» бермесе керек. Дегенмен, әркімде жағдай әр-түрлі. Ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алмай, әлі күнге дейін ұлттық мәселелерді шеше алмай жүргенімізде, ана тілін білмесе де, ана тілін үйреніп, білуге тырысқан және білу парыз екеніне түсінікпен қараған «иісі қазақты» қолдаймын, кінәламаймын.

Иә, біреулер, сен өз еліңде жүріп, ана тіліңде сөйлеуге құқылысың, қандас қара көз сені түсінбегенге кешірім сұраудың керегі жоқ, өзі кінәлі дер. Шынымды айтсам, осындай күй кешіп жүргеніміз, жаныма батады… Бірақ, бәрібір оларға түсіністікпен қараймын. Себебі, ол да қазақ мен сияқты. Тәні қазақ болып, жаны қазақша дей алмағанмен, бәрібір – қазақ. Ерте ме, кеш пе, ол да түсінеді, сөйлейді ана тілінде деген үміт бар менде. Және сол үміт ақталу үшін мен ана тілін білуші қазақ ықпал етуім керек оған. Қалай? Намысына тиіп, ана тіліңді білмедің деп кінәлап па? Әлде «шала қазақ» деп күліп пе? Жооқ… Керісінше. Мен оны бөлмеуім керек. Өзімнен алыстатпауым керек. Мен оны қызықтыруым керекпін. Иә, тіл саясаты саяси тұрғыда қатаң жүзеге асырылса, халықтың күнін мемлекеттік тілге қаратса, бүгін жағдай басқаша болар еді. Бұл бастан кешкен оқиға да болмас еді, жазылмас еді. Бұл бөлек әңгіме…

Менің айтқым келіп отырғаны, біздің руға бөлінгеніміз қалып, «таза қазақ», «шала қазақ» деп бөлінетіндігіміз. Оның дұрыс еместігі. Осы тұста есіме мектепте оқып жүргендегі бір оқиға түседі. Біз 5-сыныпта оқып жүргенде «5а», «5б» деген екі сынып болды. Бізді қосты бір сыныпқа. Өзара оқушылар араздасып, «а» мен «б»-ға бөлініп, төбелеске дейін бардық ұл-қыздар. Сонда мектебіміздің тәрбие жөніндегі меңгерушісі Айман деген кісі, барлық жақтың уәжін тыңдап, сендер бұлай «а» сыныбының оқушысы бүйтті, «б» сыныбынікі сөйтті деп бөлінсеңдер ешқашан бірікпейсіңдер, татуласпайсыңдар деді. Сол сөз бізге сабақ болып, мектепті бір үйдің баласындай аяқтадық. Неге екенін білмеймін, Айман ұстаздың сол сөздері есімде қалыпты. Бәлкім, бұл өмір шындығы болғандықтан шығар.

Жоғарыда баяндалған әріптесіммен болған оқиға қазіргі қоғамдағы орын алған «біздің» жағдайымызды еске салды. Неге бұлай деген сұраққа жауап іздегенімде, бәлкім, мәселе бөлінуде ме деп қалдым…

Өйткені, сырттан елім деп келген қандастарымызда да сондай жағдай. Оларға да алдық та «оралман» деп таңба бастық. Нәтижесінде, күнделікті өмірде кеудесінен итереміз, сен қаңғып келген «оралмансың» деп. Неткен өрескел қате пікір. Тек араздастырады, арамсызды алшақтатады. Қанша жерден тарихи жағдайға байланысты, қиыншылықтан қашып, кезінде атажұрттан кетті елдің емес жеке басының қамымен деп ашынғаннан бірлігіміз жарасты ма? Жоқ! Ендеше, бұдан шығарган нәтиже қайда? Туған жерінің қадірін түсінгенді, ошағын сақтап отырғандар түсінбей ме екен? Бойында «дана қазақтың қаны» болса, түсінеді. Амал қылады. Саналы түрде бұған көз жеткізе алсақ, іс жүзінде неге жүзеге асырмасқа. Ол кімге керек, дерсіз. Маған керек! Қаным қазақ. Болашақта шаңырағым шайқалмай, ұлт ретінде жойылып кетпесім үшін керек. Яғни мен, бәрін өзімнен бастауым керек. Өйткені, бұл маған ғана керек. Ана тілімді пайдаланғаным сияқты. Сөйлесем тілім бар және болады. Сөйлемесем, бірте-бірте өшіп, қалады… Және ең бастысы, мен оны осындай түсіністікпен өзім қолға алмасам, ешкім сырттан келіп, жасап, қалыптастырып бермейді.

Сіз де өзіңізден бастап көрдіңіз бе?