Ол қайыршы ма?

Бүгін группамен басымыз қосылып, іргеміздегі дүнгеннің асханасына жиналдық. Қызу-қызу  әңгіме айтып жатырмыз. Кенет, сөзден-сөз шығып  әңгімеміз қайыршылар туралы болып кетті:

«Кеше  ауруханаға барсам,  есік алдында үсті-басы қызыл қанға боялып бір кісі жатыр екен. Жанынан ыңғайссыздана өттім де, кезекші дәрігерге «Есік алдында бір кісі  жатыр. Ішке кіргізбейсіздер ме?»  деп сұрадым. Дәрігер «Бич (қайыршы)  қой ол» деп жауап қайтарды.  Тілім байланып қалды...»

 «Вокзалдағы   дәмханаға  тамақ ішейін деп кіріп келе  жатыр едім, іштен  айқайлаған дауыс шықты. Сөйтсем, даяшы қыз үстел үстіндегі қалдықтарды жеп отырған  бір ер кісіге жекіп айқайлап жатыр екен. Қара курткалы кісі «қызым, бәрібір лақтырасыңдар ғой. Тым болмаса...» деп  жалынып  жатыр. Даяшы қыз да ұрысып болар емес. Арасында аяғымен теуіп қояды. Расымен, лақтырылатын тамақ қой. Пакетке салып, қолына ұстатып жіберсе болады ғой. Ол қыздың да әкесі бар ғой жоқ емес...»

«Жоқ, неменелері бар арақ ішіп. Соларды емес, айналып келіп қарапайым  жұртты кінәлайсыңдар қатігез деп...»

 Иә,  өмір біреуге бар,  біреуге тар. Кейде қайыршының жанынан  өткенде өзім ыңғайссызданып, шарасыз қаламын. (Қайыршы дегенде көшеде қайыр тілеп отырғандар емес, үй-күйсіз мас  болып көшеде жататын адамдар.)  Кеше үйдің аялдамасынан түссем аялдама артында бір кісі отыр. «Бұнысы несі?» деп кішкене жақындап қарасам, үсті кір, жалаңбас екен. Қабағы қатулы күйде қатал көзқараспен маған  оқты көзін қадады. Жүрегім дір ете қалды да, жөніммен кете бердім. Жүріп келе жатып «Неге кетіп қалдым? Бәлкім,  жедел жәрдемге  хабарласу керек па еді әлде полицияға ма? Бірақ не  деймін  хабарласқанда? Қой, тыныш кете бергенім де дұрыс болды-ау» деп, өз-өзімме сөйлеп келе  жатсам алдымнан  стройкадан қайтқан адамдар шықты. 2017 жылы Астанада ЭКСПО өтетін болғандықтан күн демей түн демей, Сарарқаның  сары аязына  қарамастан  құрылыс  жұмыстары  жүріп  жатыр. Ауылдан адамдар келіп сол жерде жұмыс  жасап  жүр. Жаңағы көшеде мас болып,  қолдарына  бутылкаларын  құшақтап жатқан адамдар неге осылар (құрылысшылар) қатарлы жұмыс істеп, ақша таппайды? Соғұрлым далада суықта жатады ғой, одан да сондай суықта  неге  жұмыс істемейді? Қазір стройкада жұмыс істейтін адамдарға арнайы  жатақхана және тегін тамақ береді. (Мемлекеттен емес, тендрді ұтып алған жеке меншік компаниялар.) Неге соны пайдаланып алмайды? Неге күн санап, күн суыған  сайын  қайыршылар көшеде көбеюде? Оларды көргенде не істеу керек? 

Көрнекі сурет www.pogled.ba сайтынан алынды



Бөлісу: