Оқытудың жаңа форматындағы – ҚазҰУ

Қашықтықтан оқыту – адамның біліммен қатар түрлі мәліметтер алуын қамтамасыз ететін білім беру жүйесі. Қашықтықтан оқыту – заман талабы. Оның басты артықшылығы – адам қалаған уақытында және қалаған жерінде білім ала алады. Елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайға байланысты барлық ЖОО-ның студенттері қашықтықтан білім алуда. Олардың ішінде еңсесі биік ҚазҰУ-да бар. 

     Университетіміздің оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов айтқандай: «Университеттің дамыған IT-инфрақұрылымы барлық студенттерді қашықтықтан оқытуды қамтуға мүмкіндік береді». Осы орайда ҚазҰУ-да қашықтықтан оқытуда «УНИВЕР» (univer.kaznu.kz) және «MOODLE» (dl.kaznu.kz) сынды ақпараттық білім беру платформалары, «ZOOM», «TEAMS», «DISCORD» секілді басқа да қосалқы цифрлық сервистер пайдаланылуда. Мұндай ақпараттық білім беру платформаларының өзіндік атап айтар мүмкіндіктері де бар. Мәселен: «УНИВЕР» (univer.kaznu.kz) білім беру платформасында оқу үрдісінің барлық қызметін бақылауға, тапсырмалар беруге, студенттердің тапсырмаларды орындауын қадағалауға, уақытты тиімді пайдалануға, студенттерді бағалауға және басқа да мүмкіндіктер береді.

      ҚазҰУ программисттері де университеттің оқытушылары мен студенттердің қашықтықтан білім алуына барынша мүмкіндіктер жасап, «УНИВЕР» жүйесінің ең танымал білім беру платформасы «MOODLE»-мен интеграциясын жүзеге асырып, қамтамасыз етіп отыр. Бұл платформалар арқылы оқытушылар тапсырма береді. Оны салған мерзімі мен дедлайн міндетті түрде көрсетіледі. Студенттер берілген уақыт аралығында тапсырманы жасап, қайта жүйеге жүктеуі тиіс. Менің ойымша, бұл студенттер үшін өте тиімді. Себебі, студенттерге бір апта уақыт берілетіндіктен, олар өз уақыттарын өздері ұйымдастыра алады. Ал, дәрістер мен семинар сабақтарын өтуде, бір уақытта 100-ден аса студент кіре алатын «ZOOM», «TEAMS» секілді  бағдарламалар бар.  Әр оқытушы сабақтың алдында видеосабаққа қосылу үшін сілтеме жібереді. Егер шет аймақтағы студенттер интернет байланысының нашарлығына байланысты видеосабаққа кіре алмаған жағдайда, оқытушының «WHATSAPP» жеке чаты немесе электронды поштасы арқылы байланысқа шыға алады.

 

     Қазіргі таңда ҚазҰУ студенттері оқытудың жаңа форматында нақты уақыт режимінде, әрі бұрынғы кесте бойынша білім алуда. Бұл – сандық технологияны үздіксіз жетілдіру мақсатында жүргізіліп жатқан қажырлы еңбектің нәтижесі.

 

 

 

 

 

II-курс магистранты Абытова Қ.С.

 

Ғылыми жетекшісі: Таусоғарова А.Қ.

 

ф.ғ.к., доцент

 

 



Бөлісу: