Оқырманның жыр кеші
блог
Жақында ерекше бір поэзиялық кеш өтті. Рас, бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек болды. Бұл кеште бұрынғы кештердегідей "белгілі бір ақынның" беймәлім өлеңдері оқылып немесе "танымал ақынның" таңғажайып жырлары тыңдалмады. Бұл жолы оқырманың кеші болды. Талай кешті төңіректеп үлгерген біздер үшін бұл әрине таңсық көрінді. Алғашында билетін қолыма алып, «Мәңгілік Ел – Ұрпақтар сабақтастығы» деген тақырыбын көрген кезде қатардағы кештің бірі ме деп, аса көңіл бөле қоймап едім. Бар қызыққа барған соң қанықтық. Қарапайым өлеңсүйер азамат Әділ Несіпбаев Абайдан Маралтайға дейінгі қазақ ақындарының өлеңін жатқа оқып, көрермен қауымын жырмен сусындатты. Поэзия кеші Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толуына арналыпты. Әділ өлең оқыған кезде арқаланып кетеді екен. Екі сағатқа жуық бір тынбастан жыр нөсерін кезек-кезегімен төпелетіп, біздің көңілді бір сергітіп тастады. Өлең оқыр алдында айтар ойын қара сөзбен тұздықтап, ой-пікірін жүйелі жеткізіп отырды. Мән-мағынасы жоқ эстрадалық кештерден жалыққан жұрт кейде осындай рухани кештерді аңсай ма дейсің. Бұған - Әділ өлең оқыған сайын ықылас білдіріп, дүр сілкініп отырған көрермендер дәлел. Қолына гүл ұстаған олар сәт сайын сахнаға ағылып жатқан кезде көңіл шіркін бір марқайып қалады екен. "Өзім өлең жазбаймын", - дейді Әділ. Ол арғы-бергі қазақ ақындарының кез-келгенін жатқа оқиды. Бұл да бір - өнер ғой. Өз кезегінде мінбеге көтерілген ақын Мұхтар Шаханов: "Мынау бір қолдауға тұрарлық бастама екен. Мен мұндай жыр кешін бұрын-соңды кездестірмеппін. Енді осы жаңашылдықты әрі қарай іліп әкететін азаматтар табылып жатса, "поэзия оқылмайды" дегендерге сабақ болар еді", – деген жақсы ой айтты. Расында жыр-дастандарды жатқа соғар жады мықты қазақ едік қой. Бұл әдемі бастаманы іліп алып кетер оқырмандар шығып жатса, қанекей?
Негізі біздегі поэзиялық кештерге жаңашылдық жетіспейді. Қазір көрермермендер бір сағат баяндама оқып, екі сағат естелік айтатын мерейтойлық жиындардан мезі болған. Содан кейін кеш біткенше "шыдай алмайтын" көрермендерді қалай жазғарасың? Кейде көрермен көңілі үшін танымал әншілерді арнайы шақырып, сахнада секеңдетіп қоятынымыз бар. Жалықтырып алмайық дегені ғой. Жұрт енді ақын кешіне ән тыңдау үшін келмейтін шығар. Қазір өлеңсүйер ағайын жаңа форматқа негізделген заману кеш көргісі келеді. Ал, ол - қандай кеш? Сұрақ көп. Бұл да бір - бітеу жара. Әділді айтам деп әңгіме басқа жаққа кетіп қалды ма? Бәрі де бір бір-бірімен өзектес дүниелер ғой.
Сөйтіп, "өнер жұлдыздары" өнер көрсетпеген кештен тек қана өлең тыңдап қайттық. Әрине, кемшіліксіз болмады демейміз. Бұнда да "ресми" жөн-жоралғылар жасалды. Оқырман ұйымдастырған алғашқы кеш қой. Ол - маңызды емес. Бастысы өмірін өлеңмен өріп, қазақ өлеңінің насихатын арттырып жүрген адамдардың бар екені қуантады. Өлең аяулы ғой...