"Оқығым келмейді!" - дейді...

Бүгін көптен көрмеген досыммен кездесіп қалдым, жүзі сынықтау көрінгенмен, күлкісі баяғы. Сабағына бармай жүр деп естіп едім. Сол жайында сұрадым. "Мұғалімдердің бетін көрмегеніме 4 апта болды", - деді. Иә, аузымды ашып қалдым. Ондайы жоқ еді. Неге десеңіз... 

Оның қанша кітапты оқып, қанша есепті шығарғанын бір құдайдың өзі біледі. Кейде адамдарды Технар, Гуманитар бөліп жатамыз, ал ол болса екеуіне де бірдей. Шынымен. Оның математика-физиканы және техникалық пәндерді қиналмай меңгеретінін, және сол пәндерді өз дәрежесінде өте жақсы білетіні де таңғалдырмай қоймайды, һәм логикасы мықты. Ал оның жазған шығармаларын, жазған өлеңдерін оқысаң, не болашақ ақын, не болашақ жазушы деріңді білмей қаласың. Сахнада басқа ақындардың өлеңін оқығанда... бүкіл залды өзіне қаратып, тыңдатады. Дикциясы бөлек. Даусы өзгеше. Көпшілік ортада да сөз сөйлесе, бәрі соның аузына қарай қалады. Пән - пән ғой, практикаға келгенде кез-келген аппаратыңмен, тіпті ең қиын деген бағдарламаңмен де "тіл табысып" кетеді. Компьютерімді жөндеп бергені есімде. Ол кезде оның үйінде компьютер жоқ болатын. Бірақ менікін жөндеді. Және тағы бір ерекшелегі - есте сақтау қабілеті. Абайдың жүз өлеңін жатқа айтқанын көргем. Кішігірім әдебиеттанушы және тарихшы. 

Осындай адам 1 ай сабақтан қалдым дегенде... қызық болып қалады екенсің. Басы бар және бар болғанда қандай?!

Бастырмалатып сұрай бастадым: "Ауырып қалған жоқсың ба? Не жағдай болып жүр? Біреулер тиісіп жүрген жоқ па?" - деп. 

- Жоқ, Ареке, ешқайсысы емес. Бұл мамандықты оқығым келмейді.

- Үш жыл оқыдың ғой, қырқына шыдап, біріне шыдамайсың ба?

- Өзім қалап түспедім, - деп үнсіз қалды.

Ойланып тұрып қайта бастады: "Универ. 3-курс. Қанша жерден "ұлттық" болғанымен, дәрежесіне сай деп айта алмаймын(универі туралы). Мықты деген мектептердің бірінде оқыдым, ҰБТ-дан да аз алмадым, орыс тілсіз, 100-дің 99-ы. Сенің кезіңде жеңіл болды дейтін шығарсың, бірақ өз күшіммен алдым. Қызық сол жерден басталды. Ата-анам менің жоғары алатыныма сенбеген, өйткені әр ата-аналар жиналысын мұғалімдер мені "өте ме, өтпей ме" дегенді болжаумен өткізеді екен. Сосын солардың арқасында үйде мен сөз еститін едім. 

Өзім "ақпараттық технологиялар" мамандығына түскім келген, 11 класс бойы ойым сол мамандыққа түсу болып жүрді. Менің жоғары балл алғаным ата-анамның ойын өзгертіп жіберді. "Мұнайшы" боласың деді. Мен қарсы болдым. Өмірімде олардың шешіміне қарсы шықпап едім. Қоймай сонда да соған түсірді. Иә, олар менің қабілетімді біледі. Кез-келген нәрсені игеріп кете алатынымды. Ойлары қате шыққан жоқ, 1-курс алдыма жан салмадым. Мықтылығымды бәрі мойындады. 2-курс кейде сабақтан қалып, 4ке оқитындардың қасында жүрдім. 3-курс осы. 1 семестрін оқымай-ақ 4-5ке шықтым, 2-шісінің бітуіне уақыт бар. Ал мен болсам, оқығым келмейді деп қасарысып отырмын. Ата-анамнан ұялғаннан ғана барам кейде сабаққа. Бірақ олар менің оқуға деген ынта-ықыласымды өлтіріп тастады.

Қалай ойлайсың, Ареке, сен балаңның тағдырына қол сұғар ма едің? "Болар баланың бетін қақпа, белін бу" демей ме? Сен қайтер едің?" - деген сұрақтармен тоқтады. Ойланыңқырап қалдым. һәм дым дей алмадым. Ол қоштасып жүре берді...

P.S.: Тәуір жігіт еді. Не боп барады? Ұсақ-түйек алдарқатуларға("1 жылың қалды, оқи сал"дегендерге) көнбейді ол... Бір ақыл айтыңдарш. Айтайын несі дұрыс, несі бұрыс екенін...



Бөлісу: