Оқы, қызық

Санаулы күндерден соң Сочиде кезекті Қысқы Олимпиада ойындары бастау алады. Күллі әлем назарын бүгінде өзіне қаратқан осы ойындар несімен ерекше, қысқы ойындар қандай қызықтарға толы, орнатылған ерекше рекордтар мен ең алғашқы көрсеткіштер жайында оқи отырыңыз:

 

1924 жылы Францияның Шамони қаласы тарихта тұңғыш рет қысқы Олимпиада ойындарын қабылдады. Алғашқы ойындарға Австрия, Бельгия, Ұлыбритания бастаған 16 мемлекет қатысты. Сондай-ақ, Швейцария, Швеция сынды қысқы спорт ойындары дамыған елдердің танымал спортшылары бұл жарысқа толық құрамда келді. Спорттың 9 түрінен 16 медаль сарапқа салынды. Бағдарлама құрамына бобслей, шаңғы спорты, трамплиннен секіру, қоссайыс, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлері енді. 

 

Қысқы Олимпиаданың алғашқы алтын медальі АҚШ спортшысы Джутроудың еншісіне тиді. Ол норвегиялық Ольсенмен 500 м. қашықтыққа коньки жарысы бойынша ақтық сайысқа түсіп, мәре сызығын бірінші болып қиды.

 

Ит жегілген шанамен жарысу алғаш және соңғы рет 1932 жылы Лейк-Плэсид (АҚШ) қаласында өткен ІІІ Қысқы Олимпиада ойындарында ұсынылды. Айта кетерлік жайт қашықтық 80 шақырымға созылған. Қазіргі таңда осы ойын түрін қайта енгізілу сұрағы туындап отыр.

 

1980 жылы Лейк-Плэсидтегі Олим­пиадада алғаш рет жасанды қар пайдаланылды.

 

Қысқы Олимпиада ойындары тарихында екі спортшы осы ойындарға спорттың қос түрінен қатынасып жүлдегер атанған екен. Олар: бобслей және шана спортынан қатынасқан Зузи Эрдман және Герда Вайссенштайнер (Италия).

 

Қысқы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысқан қазақстандық спортшы – шаңғымен таудан құлдырау спортының майталманы Александра Артеменко. Ол 1956 жылы 26 қаңтардан 5 ақпанға дейін Италияның Кортина Д'Ампеццо қаласында өткен VІІ Ақ Олимпиадада бақ сынаған. Өкінішке қарай, Кеңес Одағының 12 дүркін чемпионы болған қайсар қыздың Кортина Д'Ампеццода бағы жанбады. Жалпы, бұл дүбірлі дода біздің ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы спортшыларының Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысуы еді. 

 

1976 жылы Инсбругте өткен ХІІ қысқы Олимпиада ойындары Қазақстан спорт­шылары үшін өте олжалы болды. Тіпті алғаш рет қысқы Олимпиада алтынына да қол жеткізгенбіз. Австрияда хоккейшіміз Борис Александров қысқы Олимпиада ойында­ры­­ның чемпионы болды.

Владимир Смирнов Олимпиада ойындарынан 7 ме­даль жеңіп алды: 1 алтын, 4 күміс, 2 қола. Оның төртеуі егеменді Қазақстан елінің еншісіне жазылған: 1 алтын, 2 күміс, 1 қола. Бұл тұрғыда әзірше бізде ХХ ғасыр­дың даңқты шаңғышысынан асып түскен ешкім жоқ.

     1994 жыл­ы Лил­лехамерде өткерілген Олимпиада ойындарында Қазақстан туы тұң­ғыш рет биікте желбіреді. Әй­гілі шаңғышымыз Владимир Смир­нов 50 шақырымдық қашықтықта ал­­дына жан салмады. Бұл - тәуелсіз мемлекетіміздің та­ри­­хындағы Олимпиаданың тұң­­­ғыш алтыны.

 

 

Сочи олимпиадасы олимпиада алауы эстафетасы Қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы ең ұзаққа созылған эстафета болып есептеледі. 2013 жылдың 7 қазанынан (Мәскеу) 2014 жылдың 7 ақпанына (Сочи) дейін Олимпиада алауы Ресейдің барлық автономды республикаларының астаналарын, облыстары мен аймақтарын, жалпы алғанда 40 мың шақырым жерді жүріп өтеді.

 

            Ресей Олимпиада алауын ашық ғарыш кеңістігіне шығарған алғашқы ел ретінде есте қалды. Ресейдің екі ғарышкері былтыр қарашаның 9-ында Халықаралық Ғарыш стансасынан ғарыш кеңістігіне шыққанда Олимпиада алауын бірге алып шықты. Ол сәтте алау тұтанған жоқ, себебі ғарыш кеңістігінде ауа жоқ болғандықтан, от жанбайды. Қауіпсіздік мақсатында ғарыш стансасының ішінде де алау жағылған жоқ.

 

1300 – Сочиде тапсырылатын медаль саны. «Сочи-2014» Олимпиадасы ресми сайтының мәліметіне сенсек, бұл – рекордты көрсеткіш. Ресейде өндірілетін металл қоспаларынан әзірленген медальдер саны жағынан ғана емес, көркемдігі мен алуан түрлілігі жағынан да ерекшеленбек. 



Бөлісу: