«Оқуға құштар мектеп» жобасы: жаңа мазмұн

«Оқуға құштар мектеп» жобасы: жаңа мазмұн
жеке
блог

  Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев бір топ журналистермен жүздескен болатын. Бетбет-бет кездесу барысында оқырмандар қауымын ойландырып жүрген және қоғам тарапынан жиі сыналатын білім мен ғылым саласындағы келелі ойлар айтылды. Журналист Нұрлан Тілегенұлының сұхбатынан сілтеме көрсете отырып, оқып танысуға ұсынамыз.

  – Мектеп бағдарламаларына қандай да бір өзгерістер енгізілетіндігін күтуге болады ма?

  – Жауабымды жалпы білім бағдарламасы дегеніміз не? Оған дайындық қалай жүреді және оның міндеті мен мақсатын түсіндіруден бастасам деймін. Білесіздер білім мазмұны деген ұғым бар. Білім мазмұнын құрайтын оқу стандарттары дайындалады. Осы оқу стандарттарының негізінде бағдарлама түзіледі. Демек бағдарлама жұрт айтып жүргендей оңай әрі жылдам өзгерте салатын жеңіл құжат емес. Бұл ең алдымен педагогикалық қауымдастықтың талқысына түсіп, кәсіби мамандар зерделеген соң министрліктің қарауына ұсынылады. Салалық ведомстваның тарапынан тағы бір мәрте екшеліп барып, ресми түрде бекітілетіндігімен де маңызды. Әділет министрлігі де бұл заңнамалық актіні тіркеп, қоғамның назарына портал арқылы ұсынылады.

  –  Он екі жылдықтың маңызы мен мәніне тоқталсаңыз?

  –  Он екі жылдыққа көшудің басты мақсаты әлемдік білім беру үдересіндегі жаңашылдыққа бастайтын қадам. Бұл бағыттағы қолға алынған ауқымды шаралар қысқаша тұжырымдалғанда әр түрлі түсіндірілгенімен, ең басты ұстанымы білімге қудалай бергеннен ғөрі іске көшуге баулуға басымдық береді. Ұл-қыздарымыз балабақшадан бастап мектепте оқыған соң арнаулы кәсіби білім беретін ұйымдар мен жоғары оқу орындарында мамандық меңгереді. Бірақ олар қанша оқыса да табысты болып жатыр ма? Мәселенің төркіні де осында. Яғни жастар бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуы қажет.

  – «Оқуға құштар мектеп» жаңа жобасын ілгерілетуге байланысты пайымыңызды айтсаңыз?

  – Мемлекет басшысының бұл жаңа жобасының астары тереңде. Себебі кітап оқымаған жас ұрпақтың болашағы баянды болмауы мүмкін. Осы орайда соңғы бірнеше ондаған жылда жаңа кітаптармен қамтамасыз етілмеген мектеп кітапханаларын толықтыруымыз қажет. Ертегіні оқымаған баланың қиялы жүйрік болары күмәнді. Сондықтан осы бағалы бастамаға ең алдымен журналистер мүдделі болғаны дұрыс сияқты. Себебі кітапты қолына алмаған бала газет пен журнал оқымақ түгілі радио тыңдап, теледидар қармай гаджетке тәуелді мәңгүрт болып қалуы әбден мүмкін. Демек бұл баршамызға ортақ басты борыш әрі парасатты парызымыз.