Оқу сауаттылығынан 15/15 алудың 7 жолы

Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетін әрбір түлектің міндетті түрде тапсыруы тиіс екі пәні бар: Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы. Оқу сауаттылығының да өзге пәндер секілді құрылымы жыл өткен сайын өзгеріп, қиындылығы жоғарылап отырады.

Биыл қаңтар айында болған ҰБТ-да ең жоғары көрсеткішке жетіп, 139 балл алған Айару Татарбаева Еркинова оқу сауаттылығынан 14 балл жинаған болатын. Айаруды бұл жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Ол тестілеу барысында әрбір баллдың ойнайтын рөлінің маңыздылығын дәлелдеді. Мұндай көрсеткіш екінің бірінің қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Биылғы бітіруші түлек, оқу сауаттылығынан максималды 15 балл жинағың келсе, мына 7 әдісті мұқият оқып ал:

1. Мәтінге байланысты берілген сұрақты оқып, яғни тапсырмаға назар аударған жөн. Бір істі бастағанда оны қандай мақсатпен жасап отырғанымызды білсек, жұмысымыз жеңілдейді. Сол себепті, алдымен сұрақтың тапсырмасын оқыңыз. Мәтінді оқып жатқанда автоматты түрде адамның миы оны түсінуге және шешуге бейімделіп оқитын болады.

2. Сұрақтың тапсырмасын мұқият оқып, сізден не сұрап тұрғанын түсініп алыңыз. Мәтіннің негізгі мағынасына сай ойлануға тырысыңыз. Сұрақтарды өзіңіздің ыңғайыңызға қарай шешпеңіз. Сізден не сұрап тұрғанына қарай дұрыс тұжырым жасау арқылы 15 баллға бір қадам жақындай түсесіз.

3. Барлық жауап нұсқаларына көз жүгіртіп алыңыз. Өзіңізге сұрақ қою арқылы шатастырушы нұсқаларды сызып тастап отырыңыз.

4. Сұрақтың дұрыс жауабын берілген нұсқаларды талдай отыра тауып алуға болады. Ол үшін сіз әр нұсқаны мұқият оқып, мәтінге қатысы бар ма, жоқ па деген сынды сұрақтар қою арқылы ұзағырақ жұмыстануыңыз қажет.

5. Ұзақ, көлемді тапсырмалардан жасқанбаңыз. Сұрақтың ұзындығы мен қиындығы көбінесе бірдей емес. Беттің жартысын алатын сұрақтар әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін. Ұзақ сұрақтарда көбінесе оқиға беріледі немесе мәтін мазмұнына сай сөйлемдерді реттілікпен орналастыру қажет. Оны көз алдыңызға елестету арқылы оп-оңай шешуге болады.

6. Мәтіннің негізгі ойы әдетте соңғы сөйлемдерде кездеседі. Айрықша жағдайларды есептемегенде, мәтіннің басты ойын соңғы сөйлемнен іздеңіз.

7. Мәтіндік сұрақтарды барлығы шеше алады. Бірақ, маңыздысы – сізге берілген уақытта шешіп үлгеру. Сол себепті, тәжірибие жинап, тез шешуді үйрену өте маңызды. Тәжірибие жинау үшін белгілі бір тәртіппен нұсқа талдап, сұрақ шешуіңіз керек. Оқу сауаттылығы сізге қиын соғатын болса, күн сайын кем дегенде 10-20 немесе 30 мәтіндік сұрақ шешу қажет.

Оқу сауаттылығынан жоғары балл алудың негізгі құпиясы күнделікті кітап оқуда жатыр. Кітаптың пайдасы ұшан-теңіз. Ол адамның ойлау деңгейін жетілдіріп, қиялына қанат бітіреді. Адам жаны кітаппен әдемі, кітаппен бай. Осыны ұмытпаған жөн.

Оқу сауаттылығына көп мән бермей, жеңіл пән ретінде қарастыратын оқушылар жетерлік екені рас. Өзге пәндерге қарағанда оқу сауаттылығына дайындық уақыты аз бөлінеді. Соған қарамастан, уақытты тиімді пайдалану арқылы ҰБТ-ға дұрыс дайындалуға болады. Болашақ грант иегерлеріне сәттілік!



Бөлісу: