ҚазҰУ-да Мансап және кәсіби даму орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Биылғы жәрмеңкеге жұмыс беруші ірі компаниялар мен ұйымдар және кәсіпорындар қатысты.
Аталмыш шараның басты мақсаты – ҚазҰУ-дың бітіруші түлектерін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруға себепші болу. Жәрмеңке жұмыссыздықтың деңгейін төмендетіп, бітіруші түлектерге бір сәтте көптеген жұмыс берушілермен сөйлесіп, жаңа ірі компаниялармен танысуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта еңбек нарығында инженер-технолог, IT-маманы, дәрігер, биотехнолог, маркетолог және басқа да мамандықтарға сұраныс көп.
Аталмыш жәрмеңкеде Алматы қаласының тұрғындарын жұмыспен қамту орталығынан бастап көптеген халықаралық және туристік компаниялар, банктер, медициналық орталықтар қатысты. Атап айтар болсақ, «Grata international», «Takeda», «Atasu group», «Сбербанк»,ТОО «Медицинский Ассистанс», «Air Astana», BCD «Travel International travel plus» т.б саланың жұмыс беруші ұйымдары болды.
«Жыл сайын ҚазҰУ-да түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Университетімізде әрбір факультетте жұмыс берушілер кеңесі жұмыс істейді. ҚазҰУ Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бос орындар жәрмеңкесі жыл сайын өзінің тиімділігін аңғартып келеді. Бұл өз кезегінде бітіруші түлектердің жұмыс берушілермен сөйлесіп, талаптарды алдын ала білуге және көптеген мағлұмат алуға үлкен мүмкіндік береді», – деді мансап және кәсіби даму орталығының директоры Илья Севрюгин.
Ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Әлғазы С. «Осы жәрмеңкеге арнайы келіп отырмын. Бұндай жәрмеңке оқуды енді ғана бітірген түлектер үшін таптырмас мүмкіндік деп санаймын. Мұнда менің мамандығыма байланысты көптеген жұмыс беруші ұйымдардың ұсыныстарымен танысып, кеңестер алдым», - деп өз ойымен бөлісті.
www.kaznu.kz