«Тоны жоққа сәлем айт, етігі жоққа өзім барам» дейді екен «кәрі құда» қыс мезгілі. Бұл мақалды «Шуақты күндердің» (З.Ахметова) ішінен кездестірген едім ең алғаш рет. Он төрт жасымда. Ол кезде дұрыс түсінбегенмін. Жылдар өте келе әлгі мақалдың бекер айтылмағанына көзім жете түсті. Тонымды сайламасам да, етігімді ерте бастан қамдап қою әдетке айналды. Күн болса суытып, қыс та, қар мен аяз да иек астында тұр...
Күні кеше ғана алған жап-жаңа етігімнің сыдырмағы сынып қалған болатын. Етікші іздеп, жақын жердегі аяқкиім жөндейтін дүңгіршекке бардым бүгін. Ұйғыр жігіті етігімнің сыдырмағын бір сағатта тігіп беретінін айтқан соң, біраз күтуге тура келді. Қолы-қолына жұқпай жұмысын істеп отырған ұйғырдың баласына қарап отырып ойға қалдым. Қаладағы кәсіптің бірі – осы етікшілік. Бірақ бір қызығы, құбыр тазалайтын да, сағат жөндейтін де, етік тігетін де – өзге ұлттың баласы. Мейлі ғой, мәселе онда емес те шығар...
Аядай дүңгіршектің ішін көзіммен бір сүзіп өттім. Тап-тұйнақтай. Кенет... Үстел шамының тұсындағы екі бүктелген газетке көзімнің түскені. «Уйгур авазидің» соңғы саны екен. «Бұл газет бұрын «Коммунизм туғи» деп аталды иә», – дедім етікшіні әңгімеге тартпақ болып. Ол осы апталық газетті тұрақты түрде оқитынын, бірде-бір санын жыртпай досына беретінін, оның дәрігер екенін, уақтылы алып оқуға қолы тимейтінін мақтанышпен айтты... Етігімді де дұрыстап тігіп берді...
Дүңгіршектен шыққанда «келесі астановка Байтұрсынова» деген қазақ бауырымның дауысы естілді... Ең құрыса, қазақша хабарлағанда «келесі аялдама Байтұрсынов көшесі» деп дұрыс айтқанда ғой...
Р.S. Қазақтың кез келген баласы (ұлы – электр маманы, қолөнерші, дәнекерлеуші, етікші, т.б, қызы – шаштараз, аспаз, тігінші, т.с.с) қосымша кәсіпті меңгергеннің артық болмайтынын неге түсінбейді екен?!