ОҚШАУ ОЙ...

ОҚШАУ ОЙ...
жеке
блог

Жастарды  «кітап оқымайды» деп кінәлаймыз... Жастарды «үлкен сыйламайды» деп кінәлайды үлкендер... Мен осы пікірге қарсымын. «Бабалар аманатын» (З.Ахметова) барынша насихаттадым. Үйден келіп кітап сатып алып жатқандар – студенттер, жастар... Жаңа ғана үш кітапты студент бала сатып алды. Анасы жұмсаған екен.  «Біреуі – анама, біреуі – досыма, біреуі өзіме», – дейді. «Өзімдікі өзімде қалуы керек қой, кейін бала-шағам оқиды» дегеніне риза болдым. Демек, кішкентайынан анасы кітап оқытқан, кітапқа деген қызығушылығын оятқан, кітап оқуды баласынан талап еткен...

Тағы бір жігіт ағасы келіп «Бабалар аманатын» сұрады. Ауылдағы анасы қатты өтінген. Кітаптың біреуін – өзіне, біреуін анасына алды. Анасы 70-тен асқан кісі екен. Араға апта салып сол аға тағы келді. Бұл жолы да екі кітап сатып алды. Інісінің үйлену тойы болмақ екен жақында. «Құдам мен құдағиыма осы кітаптан да сыйлағаным дұрыс, бар алып кел, балам», – деп тағы да шешесі жіберген... Мұндай мысал өте көп. Жан тебірентеді... Неге екенін, бір қызығы, қыздардан қарағанда жігіттердің кітапқа қызығушылығы басым. Осыны байқадым...

Тобықтай түйін –  «жастар кітап оқымайды» дегенді қояйықшы...  Сосын... «Үлкеннен өнеге кетсе, кішіден кісілік кетеді» – кім айтқанын білмеймін, әлде өзімнің пайымым ба... Жастарға үлгі-өнеге алдымен – өзімізден. Содан кейін де кінәлап үлгерерміз...   

(суреттерді «гугл шешей» берді ғой...)