Өкпе...

 

Хал-жайымды жаза алмаймын тегіс мен,

Айналдырып алды мені дүлей мұң.

Әр кеш сайын Әзірейіл періште,

Зәремді алып бас жағыма түнейді.

 

Дертім қиын, кірпіктерім ілінбей,

Шешем жылап тереземнің сыртынан.

Әкем іштей күрсінеді күбірлей,

Мен жарыққа ұмтылам.

 

Енді алысқа шаба алмаймын ентігіп,

Тым биік боп көрінеді шоқылар.

Өзге ұйқыда жатқан кезде мен тұрып,

Түн жарымда тілек намаз оқығам.

 

Іздеп жүрем өңімде һам түсімде,

Бір тал жібін сетінеген үміттің.

Тілек тілеп тірі қалу үшін де,

Алласынан арабтың, Тәңірінен  түріктің.

 

Қайғылы да емес шығар барлығы,

Жазымышы солай болса Алланың.

Қүнтізбеден жыртылады зарлы күн,

Ал Сен болсаң…  Хал де сұрай алмадың.



Бөлісу: