Мен үшін ең нағыз демалыс, жанды сергітіп, миды тынықтыратын, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын бірден-бір дүние - концерт тамашалау. Әсіресе, алақаныңды дуылдатып, шапалағыңды жаудырып сахна саңлағына күш жігер сыйлай отырып көргенге не жетсін. Бірақ, жиі-жиі қайда ондай атты күн?! Мейлі, тіпті теледидар арқылы көрген концертім де мен үшін зәулім сарайдың қақ ортасында отырып көргендей күй қалыптастырады. Жан-жағымды ұмытамын, ол кезде тек өнер, ән, би, әнші бар - жер бетінде. Көк сандықты қосып қалып, концерттің болып жатқанын көріп, өкінемін кәдімгідей, қашан басталды, тез бітіп қала ма дегендей. Жақын күндері де айналайын көк сандық әдемі концерттерімен қанықтырды жанымды, одан қала берді интернет беттеріндегі материалдар бар. Кеше әдеттегі демалыстың шырқын бұзатын тіршілік қой баяғы бітпейтін, әбден шаршатты. Үйге жұмыстың қағаздарын ала барып едім, соны жасап тастайын деп отырғаным сол еді, Тараздан жеңешем звондайды:"Өлең тыңдай отыр", - деп. Аң-таңмын, ар жақта "Заманның" дауыстары "жарып" жатыр, "Мені ойла" әндерімен. Ал, жеңгем шалқайып "Заманның" концертінде отыр екен, Таразда өткізіп жатқан. Көңілімнің алып-ұшқанын көрсеңіз сондағы). Сосын тағы звондап, "Өмір-өзенді" тыңдатты бастан-аяқ. Өте сәтті шыққан ән, талантты жігіттердің орындауында. Өткен жолы бір досыммен вебкамен сөйлесіп отырып, ойда жоқта осы жігіттермен сөйлесіп, мәз болғансың ғой). Сонда айтқан, 12-ақпанда Таразда концерт беретіндерін. Қатты барғым келді.Бірақ, қайда 400км қашықтыққа бір концерт үшін жете беру, жұмыс бар дегендей. Өзімді жұбатқаныммен, әбден өкіндім бармағаныма. Сол екі арада көк сандықтан Бейбіт пен Тоқтардың концертін көріп қалғаным бар емеспа, өкінішім басылып, осы концертпен алдадым алып-ұшқан көңілді). Сөйтіп, қайта отырып, қағаздың бетіне қарағым келмей, жайына тастап, қиялыммен бірге кеттім). Есесіне, шіркін, өмірдің бәрі концерт көрумен, ән айтудан тұрса ғой деп біразға дейін көз ілмей жаттым!