Оқиға. Сәтсіз шыққан жақсылық?

Оқиға. Сәтсіз шыққан жақсылық?
жеке
блог

Жаз мезгілі. Көк тұғырлы «Алып» базары. Ығы-жығы қайнасқан адамдар мен у-шу сауда. Әлденеден кешіккендей асығатын жұрттар. Ортасында асықпайтын мен ғана секілдімін.

Бірнеше сағат бұрын келген мен өзімен керектінің барлығын алып қойғанмын.  Әлі тал түс болғандықтан, асықпай кітап , газет-журнал қарап тұрғанмын. Кенет алдыма  көк түсті киінген, көзілдірікті, егде тартқан әйел адам алдыма келді. Келді де, бас салып(кинодағыдай емес),бір дүкенді нұсқап, менен әлдене бұйымды(аты есімде жоқ) әкеліп беруін өтінді. Қолыма «бәйтерек» бейнеленген 2000тг(ол кезде құнды еді ғой, шіркін) ұстатты. «Жоқ!» деуге болсын ба?! Бозбала болған соң ақшаны алып дүкенге беттедім. Еріндерім жыбырлап, не керектігін қайталап қоямын. Өзінің аты да бір, әріппен әріпті ретсіз жалғай салғандай-ақ есім. Бара жатып «не үшін жүрмін мұнда» деп қойдым да, өтінішті орындаған соң  үйге қайтайын деп шештім. Дүкенге де жеттім. Сатушы жас бойжеткеннен  апайдың өтінгенін сұрадым. Сөйтсем ол құрығырдың түр-түрі бар екен-ау. Қайсысы керек дегенде абдырап қалдым. Не де болса, ерінбей апайдың өзінен сұрап келейін деп жаңағы орынға келсем – апай орнында жоқ. Жан-жағымдағылардан сұрасам бірі анда, бірі мұнда деп бас қатырды. Әп-сәтте ғайып болған апайды айналадағы дүкендерден іздедім, - жоқ. Кете берейін десем, қолымда өзгенің дүниесі бар. Тым болмаса бір танысы да(өзім солай түйдім) жоқ тастап кететін ақшаны. Бір қырсықтың екінші бір қырсықтықпен шектеле қалғанын қарашы. Сөйтіп, не керек, базардың ортасында жіпсіз байландым да қалдым. Ойланып отырмын: кетер болсам біреудің дүниесіне қол сұққаным, күтсем келетін түрі жоқ. Енді кешке дейін отыра бермеймін ғой. Осындай ойлармен абдырап тұрғанымда, көпшілік арасынан  бір әпкем шыға келді. Аман-саулық сұрасқаннан кейін, кімді күті тұрғанымды сұрады. Мән-жайды түсіндіріп қоымдағы ақшаны көрсеттім. Әпкем ақшаға қарап тұрып, (мынауың жалған ақша ғой» демесі бар ма?! Күлкім келді, әрі алданғаныма да налыдым. Әпкемнен де ұят болды.

Әйтеуір қызықты есте қаларлық оқиға болды. Осы оқиғадан кейін түйгенім: жақсылық жасймын деп тым аңқауланудың қажеті жоқ екен. Бұл маған өмірлік сабақ болды. Ал достарыма құлаққағыс: егер көк түсті киім киген, көзілдірікті, 50лер шамасындағы әйел адамды көрсеңіздер алды арттарыңызға қарамай қашыңыздар.