`Өжет немере`

`Өжет немере`
жеке
блог

Немересін қалада тұратын құдасының үйіне жатқызып оқытатын қария әрбір тоқсанның ортасында келіп, немересінің сабақ үлгерімін, тәртібін тексеріп тұратын. Бұл жолы да сол әдетімен немересін сағынып қалаға келген. Поездан түсе сала мектепке барды. Мұғалімімен жолығып, бағаларына риза болған соң, немересін ертіп алып, тума-туыстарын аралады. Екі-үш күн қыдырып, мауқын басқан соң, немересін тізесіне алып отырып, өзінің таңертеңгі поезбен  кететінін, бір айдан соң әжесінің келіп алып кететінін айтты. Сонда немересі атасынан таңертең кетерде өзін оятуын өтінді. Таң сәріде оянған қария немересінің тәтті ұйқысын қимай, маңдайынан иіскеп, көрпесін қымтап, теміржол вокзалына қарай жүріп кетті. Оянып кеткен бала атасының кетіп қалғанын көріп, жалаң аяқ «аталап»  вокзалға қарай жүгіре жөнелді. Бір жүгіріп, бір құлап, ағыл-тегіл жылап, вокзалға келді. Поезд күтіп тұрған атасы немересін көріп, таң қалды. Бала атасын құшақтап, біразға дейін өксігін баса алмады. Көзіне жас алған қария немересін оятпай кеткеніне қатты өкінді. «Айналайын-ай, ұйқыңды қимап едім, бір жолға айып етпе» деп кешірім сұрады. Вокзал ішіндегі асханаға апарып, немересін бәліш пен компотқа тойдырып, қимай-қимай үйге қайтарды. Атасын бір көріп, қоштасып қалуды армандаған немересі дегеніне жетіп, артына қайта-қайта қарап, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Көзі мөлтілдеген қария немересінің өжеттігіне қайран қалып, жанарына үйірілген жасты сүрте берді.