"Официант" студент

"Официант" студент
жеке
блог

Студенттер демалысқа шықты. Мен де студентпін ғой, ақша табу үшін қарапайым уақытша жұмыс іздемек болдым. Сондайда, әрине, даяшылық жұмысы оңайға түседі. «Официантка» деп жатамыз, мен бұл жұмысқа алғаш рет орналастым. Жалпы, ойым қолыма «поднос» алып тапсырысты апарып қана отырамын деген болжаммен таңертең ерте тұрып жұмысыма бардым. Бастығымның жұмысымның барысын түсіндіргенінде көп студенттің 2000 теңге үшін қандай жұмыстар атқаратындығын түсіндім. Жұмыс былай:

Келген адамдарға алдымен меню ұсынамын. Ол меню былай тұрсын «комплекс» деген тағы бар. Қысқасы, шатасып боласың. Тапсырысты алып асханаға айтасың. Кинодағыдай тапсырысты қағазға жазып тастап кетпейсің бар дауысыңмен асханадағы аспаздарға естілердей етіп айқайлап айтасың. Ол тапсырыс дайын болғанша басқа келушілерден тапсырыс ала бересің.

тапсырыс

Тапсырыстар дайын болғаннан соң оны апару керек. Наны мен қасықтарын, шайын апару – даяшының міндеті екен. Келуші тамақтанып болғаннан соң есептеседі, артынан қалған ыдысты да даяшы жинап алады. Мен де жинадым. Түскі уақытта адам көптеп келеді екен. Менің бұл алғашқы күнім болғандықтан «стажировка» болды. Бар ойым жұмысты дұрыс атқару. Бір «клиент» келіп маған кофеге тапсырыс берді. Мен оны палау деп естіп қалып аспаздан ұрыс  та естідім. Ендігі ойым мені жұмысқа алмайды.

Түскі уақытта тамақтана алмай кешкі 5 – терде ғана қолымыз босады. Мен тек сорпа ғана іштім. Өзге тамаққа тәбет те бұрмай қалды. Себебі, тамақтардың арасында жүрсең «желание» де болмай қала береді екен.

тамақ

Адам азайғанда еден жуу керек екен. Бұл – даяшыға жүктелген тағы да бір міндет. Мен еденді де жудым. Әрине, ұялдым. Дегенмен, көп студент осылай қиналатынын ойлағанда жаным жай таба алмай жуа бердім. Ең бастысы бұл уақытша жұмыс.

Аспаздан қате тапсырысым үшін сөгіс естігенде ұялдым. Болды, ертең жұмысқа алса да шықпаймын дедім. Бірақ, мен аспаннан түскенім жоқ. Барлығы бұл жұмысқа еріксіз шыдап жүр. Ал мен үшін бұл – уақытша емес пе?! Бірден беріліп басымды төмен салбырату менің қағидам емес. Мен бұл қиындықты да еңсеремін дедім.

Жұмысқа үйреніп жатырмын. Бастығымның да көңілінен шығып жатыр. Әйел адам бастық болғанда мұқият болу – шарт екен. Себебі, көп ісіме назар салып отырады. «Стажировка» болса да 1000 теңгені қолыма ұстатқан бастығыма риза болдым. Демек, алғашқы күнгі еңбегім мен сөгістер еш кетпеді. Енді жақсы жұмыс атқаруға тырысу керек. Бұл жұмыс, әрине, қиындау. Бірақ, үйге келгенде ішкен тамағым маған күндегіден тәтті болды. Бұл да еңбектің арқасы. Анам жұмыс істеуіме рұқсатын әлі де бермей жүр. Барынша ойымнан айнытуға күшін салып жүр. Бірақ, үйде бекер жатқанша шамамды тексеруді жөн көремін. Осы жұмысқа шыдай алсам, демек, болашақта көп қиындықты еңсерерім сөзсіз. Жалпы, студент болған керемет екен. Өмірге үйрену де студенттік шақтан бастау алады екен.