О,Есенин!

Есенин!
Есенинді қайтарыңдар!
Өтінем... оған менің айтарым бар...
Есенин,
Есі кеткен қоғам әлі,
Көніп жүр мәңгүрттердің айтағына АР.

Есенин!
Сен бар ғой, бақыттысың өліп кеткен,
Бақыттың бәрі өзіңмен еріп кеткен.
Бақытсыз мына жалған ғұмырымнан,
Білсең ғой, баяғыда-ақ жеріп кеткем.

Есенин!
Келші бермен сырласайық,
Түн болсын екеуара бір ғажайып.
«Русь» деп сен еміреніп «Қазақ» деп мен,
Мәңгілік өлмейтін бір жыр жазайық.

Есенин!
Кіріп жүр ұйықтасам түсіме түн,
Сәулесін біреу бар ма түсіретін?!
Қорқамыз сен де мен де «қара адамнан»,
Ешкім жоқ оны бірақ түсінетін.

Есенин!
Берші бермен шылымыңды,
Тартайын сенің тартқан шырыныңды.
Аймалап қанша төсті, қанша белді,
Қанша қыз сүйіп өлді шұлығыңды!

Есенин!
Оқышы өлең аспандатып,
Шерлене шерге тұнған жастан татып.
Егерде Құдай берсе таңдау адам,
Ақын боп күн кешуден қашқан бақыт!

Есенин!
Түстік солай сергелдеңге,
Жындымыз сырттан бізді көргендерге,
Адамдар қуанады тірі жүрсе,
Екеуміз қуанамыз өлгендерге.

Есенин!
Жортамын сен секілді түлкі түнде,
Айтшы өзі мына азаптың кілті кімде?!
Ақын боп келеміз де тамшы жас боп,
Қаламыз сұлулардың кірпігінде.

25.02.2015



Бөлісу: