О, ТОБА....
блог
Біз осы «тәуба» дейміз бе? Қайда жүрсек те, не істесек те өмірімізге мүлдем риза болмаймыз. Неге? Мені де тәубама түсірген мына оқиға болмағанда, сізге өтірік, маған шын: мен де тағдырымды тілдеп жүре берер ме ем...
Күнделікті әдетім бойынша жұртпен таласып, тармасып қоғамдық көлікке де міндім-ау. Әйтеуір, жаяу жүрмейтініміз болмаса, қоғамдық көлікте ит сорпамыз шығып, елмен араздасып, жұмысымызға әрең жететініміз рас қой. Мінуін мінгенмен, тап желкемнен төніп тұрған бір апамыздың біреуді қарғап, сілегенінен еріксіз артқа бұрылғам. Сөйтсем терезе жақтағы орындықта бір жас қыз отыр екен. Ешкіммен ісі жоқ, өз ойымен алысқа көз тастап отырған бұл замандасымыздың орындықта отырғаны әлгі апамызға ұнамай қалыпты. Құлағымыз үйренген «Жастар деген жұғымсыз. Үлкендерге орын беруді білмейді» деген сөздермен ойын жүзеге асыра алмағасын, «Көктей солғыр» деп аспаннан түскендей дүңк еткізді әлгі апамыз. «Қой» деген ешкім болған жоқ. Әлгі апамыз да әлемдегі қарғыс атаулыдан кандидаттық қорғағандай, құлақ естімеген неше түрлі қарғыстарды боратып жатыр дейсіз. Еріксіз әлгі қызды жек көре бастадым.
.... Қыстырылып, қымтырылып автобусымыз да межесіне жетті-ау. Өзіне бағытталған қарғыстың ешқайсысын елеместен, әлгі орындықта отырған қыз бұрыштан балдағын алып, автобустан түсіп бара жатты. Оң аяғы тізеден жоқ екен..... Көліктегілердің барлығы әлгі апамызға бір аларып қарағандарын көрдім. Апамыз үннен қалған....
«Тәуба» дедім мен. Қос аяғыммен алшаң басып, қалаған жеріме көліксіз-ақ жете алатыным үшін тәуба, Тәңірім!