О. Генрише сөйлесем, адамдардың арасында Бас, Қол, Аяқ, Күш, Арқа бар. Оның Хеттиі сияқты, мен де құрбым үшін Иық, анам үшін Арқа, кішкентай бауырларым үшін Бас, сүйікті адамым үшін Жүрек, бастығым үшін Қол шығармын )))
Ал дұшпаныма – Табанмын ) Бәлкім – Жұдырықпын )
Бірақ менде анау деп айтарлықтай дұшпан жоқ. Қас дұшпаным – жалқаулық қана. Ал адамдар... Олардың бәрі жақсы! Бірінің парасаты кем, бірінікі теңіздей болса да, олардың бәрі жақсы... Бес саусақ сияқты.
Осы кезге дейін біреумен қырғи-қабақ болсам, оның себебі – махаббат болатын. Онда да, іштей "жауласатынмын". Дәлірек айтсам, жүрегімді жаулап, көңілімді баурап жүрген жігіт жақсы көрген қызды ұната бермейтін ем. Ондайды кім ұнатсын? Жауапсыз, баянсыз махаббатты айтам. Оның үстіне сен жете алмай ішқұса боп жүрген арманға басқа біреу еш күш салмастан, оп-оңай-ақ жетіп жүрсе...
Мені бұл тұрғыда жігіттерге қарағанда, қыздар жақсы түсінетін шығар.
Бүгін жұмысқа келе жатып, алдағы жоспарларым туралы ойландым. Өмір-бақи дәл осы қалпымда, дәл осы ойлармен жүре беретін сияқтымын. Тіпті қартаймайтын секілдімін. Бірақ "Балалық шағым қайда кетті?" деген сұраққа мардымды жауап бере алмаймын. Өмірде жауабы жоқ сұрақтар болады. Бұл сұрақ та сол қатардан.
Жауабы жоқ сұрақ демекші, "Біреудің құлап, күйрегенінен, сәтсіздікке душар болғанынан неге біреу қуаныш табады?" деген сұрақтың да жауабын таба алар емеспін.
Бұған таңырқайтын несі бар, өмірдің өзі сұрақ емес пе?..
О. Генри демекші, бұл күні жан сарайымды түсінуге деген талпыныс кітап әлеміне еркін сүңгуіме жол ашуда. Бірде О. Генри болсам, бірде Байронмен үндесем, бірде Марк Левимен бірге адам жанын қопарыссам, бірде Анна Гавальдамен бірге үміттенем.
Бірақ... Әлі қанша кейіпкер мені адам қылу үшін кезегін тосуда? Әлі қанша парақ саусағым тимей, жетімсіреп тұр? Әлі қанша кітап оқылмады... Әлі қанша тағдыр көз алдымнан мұң мен қуаныш шәрбәтін қатар татып, дөңгелене өтпеді...
"Килиманджарома" жетуім үшін...
Жоқ! Мен... Жанар болайыншы... Мүлгіген ауыл түніндей тұп-тұнық, ен даланың жан баспаған өзеніндей мөп-мөлдір, жерге тамып түсердей үздігіп, жылт-жылт еткен жұлдыздай сәнді, кісіге қылдай қиянаты жоқ кіршіксіз Жанар болайыншы...
Сурет: rewalls.com