О дүниеден оралған түн

О дүниеден оралған түн
жеке
блог

Жел қатая түскен. Аспанды торлаған қалың бұлт мөңкіле шығысқа қарай  көшуде. Күздің ызғырық желі өне бойымнан өтіп барады. Кенет ұсақ жаңбыр  бүркіп өтті. Әлі 7 км жер бар, ауылдың төбесінің көрінуіне. Өзіме де обал жоқ, көнгіш мінезіме салып бәрін тосып кешке қалғаныма.  Қорқыныш, үрей де жоқ емес, мына апақ-сапақта ит-құсқа жем болып, бір жерде өлексем қалар. Қасқыр шықса ешкім де құтқарып ала алмайды ғой. 

«Қорықпа» деп өзімді батылдандырып, жігерлендіріп қоямын. Өз ойымнан қатты қорыққаным қас-қағым сәтте  бүкіл өмірім бейне таспадай көз алдымнан  өте шықты. Ауылдың төбесі де көрінбейді, жылдамдықты үдеттім.

Тылсым бір күштің қуатты әсерімен жеті қат шексіз көк аспан әлеміндегі О дүние есігін ашып қашан кіріп кеткенмін, бұл жақ өзгеше екен. Мыналар кімдер?! Зембілге ұқсаған төсенішпен  екі дәу мені алып кетіп, қарсы алдарына жүремнен отырғызып,тергейтіндей нышан танытты.

- Ажалсыз пендем, Сені біз білеміз. Сен Ахметов Жанат Жұмағалиұлысың. Сен о дүниелік болған жандарға үнемі сұрақ жолдап жүресің. «Өліп қалсам, ана жақтан ең бірінші іздейтінім сіздер ғой. Кездескенде қоятын сұрағым көп қой сіздерге» деп іштей сұрақ жаудыратын пенденің бірісің. Қазір бақилық болған жандармен кездесесің, - деді.

Сарай есігі ашылып, сол суреттен көрген жүзі таныс екі жан есіктен кіріп келеді. Мына жақта күн қалай ыстық, неткен ыстық құшақ, өмірімде дәл осындай ыстық  құшақ сезінбедім.

Сағат бір жарым болыпты ғой, бағана жаққан оттың қызуы үйдің іші жылынып қалыпты. Бір шама уақыт ұйықтап қалсам керек..