О, Әмірхан...
блог
(Қазіргі күйіммен еш нені пәруәйыма алғым жоқ. Әмірханның етегіне оралып жүрген өзімдей бір топ бөлтіріктерін аяймын. Көз алдым тұманданады сосын...)
Бір арудың күлкісі ұсап күлгендей,
Мың тұлпардың дүбірі елтіп жүргендей -
Тәтті өмірден неге кеттің, Әмірхан,
Түбінде у жататынын білгендей.
Сенсіз шаһар оранды ма мұңға кіл,
Сені есіне алады екен мұнда кім?
Жалғыздығын айға ғана жеткізген,
Көкбөріні келді өзің боп тыңдағым.
Сорғалатып сыйлай алмай балын бақ,
(Беті де оның алған, тәйірі, қалыңдап.)
Отқа айналып кеткен сенің ғұмырыңның,
Етегінде біз жүруші ек жалындап.
О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,
Күйдің тілін білсем ғой.
Бақұлдасқан барқыт белмен келіспей,
Сені өсірген бақытты елмен келіспей,
Сен келер деп «туған жеріңді» елте оқып,
Туған жеріңе ренжігем мен іштей.
... «сол Алматы жетімдігін жасырған»,
Сол адамдар ырқына тез бас ұрған.
Себе салған бір Алланың нұры үшін,
Ырыздығы үшін тағы шашылған –
Інілерің ірілікті құптасықан,
Сенің асқақ үмітіңмен нық басқан.
Сенің жастық жылдарыңның кейпінде,
Мың арудың түсінде жүр шықпастан.
Сағыныштан сызып атқан таңға ұсап,
Сенің қысқа ғұмырыңдай әнге ұсап.
Жанарыма ұялаған мөлдір шық,
Секілді бір мөлтілдеген тамды шақ...
О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,
Күйдің тілін білсем ғой.
09.09.2014ж