- Сəлеметсіз бе, Нұрсұлтан! Сұхбат беруге келісім білдіргеніңізге қуаныштымын! Өнер жолына қалай келдіңіз?
- Сəлеметсіз! Рақмет! Өнер жолына мектеп қабырғасында жүргенде КВН ойындарын ойнап, сол арқылы үлкен сахнаға шығып, ары қарай өнер жолына қалай келгенімді өзім де байқамай қалдым. -
Өнер адамы болу қаншалықты еңбекті талап етеді? Оның қандай қиыншылықтары бар?- Өзімді өнер адамымын деп санамаймын. Өнер мен үшін жай ғана қызығушылық болды. Себебі, адамдар өнер адамдары жəне жай адамдар болып бөлінбейді. Барлығы бірдей. Бәлкім, сахнада ғана өнер адамы шығар, ал өмірде жай адам болып өмір сүргені дұрыс.
Үнемі ізденісте боласың, көптеген нәрсені өмір өзі үйретеді. Кейбір қиын кезеңдері де болады, оны тек дұрыс жағынан түсініп, сабырмен ұғыну керек.
- Мектеп кезінен КВН ойындарын ойнадым дедіңіз. Қазір де сізді "Жайдармандағы" "Таңқалмаңыз" командасынан көреміз. Ал бұл ойынды тоқтатамын деген ойыңыз болды ма? - Жалпы, "Жайдарман" əлемінде жүргеніме 8 жылдай болды. Мектеп қабырғасындағы кезден бастасам, көптеген командаларда ойнадым. Ең алғаш "Алдаспан" КВН командасы болып құрылған едік. Əлі есімде, Марат, Дəнекер ағаларымыздың əзілдерін "мұртын бұзбай" ойнап шығатынбыз (күлді). Кейін "Элит.кз", "Арман қала", "Сенсация", "Ұлттық құрама" командаларында ойнадым. Ал КВН-ді тоқтату ойымда болған емес. Шақырып жатса, ойнай беремін! Бұл жай ғана құр секең-секең етіп жүретін ойын емес, ойды жүйрік етіп, əрдайым дайындалып жүруді қажет ететін ойын.
- Жаңа қоныс телехикаясында бас кейіпкерлердің бірі Арманның рөлін сомдадыңыз. Түсірілім кезінде өзіңізге байланысты қандай да бір жайсыздықтар болды ма? - Алдымен айтқым келетіні, осы фильмге арнайы шақыртқан Дастан Қалдыбаев ағама алғысым шексіз!
Түсірілім кезінде ешқандай жайсыздық болмады. Есесіне, өзіме осы фильмнің арқасында көп тәжірибе алдым.
- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? - Ол енді болашақтың еншісінде. Армандар көп, сол армандарды Арман орындайды, бұйырса, жұмбақ болып қалсын.
- Өзіңізден кіші, жас дарындарға қандай тілек-лебіз айтасыз? - Талмаңыздар, еңбек етіңіздер, ерінбеңіздер. Сонымен бірге, кітапты көп оқыңыздар. Ең бай адам – рухани азығы бар адам. Тек алға!
- Биік белестерден көріне беруіңізге тілектеспін, сұхбатыңызға рақмет!