Кеше ғана әйгілі халықаралық КВН ойынының жоғарғы лигасында өнер көрсеткен, бүгінгі күні ел арасында тележүргізуші, тележобалардың продюсері ретінде танылып жүрген Нұрлан Қоянбаев енді өз күшін үлкен кино саласында сынап көрмек.
Жақын арада «31 арнада» көрсетілетін жаңа туындының жанры әлемдік телевизияда кең таралған, «ситком» деп қысқаша аталатын оқиғалар желісінен тұратын комедия, әзіл-оспаққа толы қысқа бөлімдерден тұратын телетоптама екен. «31 арнаның» ойын-сауық бағдарламаларының атқарушы продюсері қызметін атқаратын Нұрлан, кино түсіру туралы шешімнің бір күнде келмегендігін айтады:
- Он екі жыл бойы КВН сахнасы арқылы халыққа әдемі қалжың, жақсы көңіл-күй сыйлап келдік. Ресейдің аты әлемге әйгілі жобасына қатысу біздің шығармашылық топ үшін үлкен сынақ болды, одан сүрінбей өттік деп толығымен айта аламын. Масляковтың әзіл-сықақ жанрындағы мамандарды дайындайтын үлкен мектебінен көп тәжірибе жинақтадық. Ол кісі бізге актер, сценарист, продюсер, режиссер болуды үйретті. Бұл ойында өнер көрсетумен қатар, біз отандық телеарналарда әзіл-сықақ жанрында тележобалар жасап келеміз. Ойлап қарасам, бұның бәрі бір үлкен іс алдындағы дайындық сияқты болыпты. Комедиялық кино түсіру біраз жылдар бойы ойымызда жүрген нәрсе болатын. Халыққа отбасы түгел отырып, ұялмай көре беретін бір тартымды, сапалы өнім ұсынсақ дейміз. Жаңа телехикая «Базарбаевтар» деп аталады. Түсіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Өмірі қызыққа, базарға толы қарапайым Базарбаевтар отбасының тірлігі жайлы хикаяның желісі Алматыдағы үш бөлмелі пәтерде өрбімек: отағасы Саламат «Алматыметрода», шешелері Айғаным телевидениеде қызмет атқаратын, қатардағы қазақы жанұя. Үлкен ұлдары Шерәлі аяқ астынан келін әкеліп, өзі де тарлық танытып жүрген пәтерде қиындық туындайды. Жаңадан түскен Назым келін бұл отбасына тастай батып, судай сіңуі керек... деген тек айтуға оңай. Себебі, осы үйдің ерке қызы Гүлнәрдің көңілін табудың өзі қиын мәселе. Дегенмен, қым-қиғаш қызық оқиғалары жетіп артылатын қалалық қазақы отбасының хикаялары соңында баянды аяқталады.
Шынында да бұл қазақстандық телеиндустриядағы жаңа леп болмақ. «Базарбаевтар» хикаясын түсіруге Қазақстан мен Ресейдің кино саласында жұмыс істеп жүрген үздік мамандары жұмылдырылған. Түсірім алаңының декорациясын жасаушылар мен қоюшы режиссер көрші елден шақырылса, сценариін Жаммид Көшербаев, Нұрлан Қоянбаев, Нұрдаулет Шертімдер бірлесе жазған. Қойылымға тартылған әртістер де танымал тұлғалар. Режиссер Стас Буловтың айтуынша, актерлер үш ай бойы жүрген қатаң кастингтен өттті. Нәтижесінде шын мәніндегі жұлдызды құрам қалыптасыпты. «Базарбаевтардың» отағасы ролін орындайтын Бекжан Тұрыс бұл жолы әдеттегідей қарттың емес, балалардың әкесі образын сомдайды. «Мен өзімді комедия жанрының шеберімін деп айта аламын. Бірақ ол - театрда, ал бұл кино, мұнда бәрі өзгеше. Сондықтан мен де барлық актерлер секілді барымды салып тырысып бағудамын. Бізден әсіресе, театр жағына кетіп қалмауды талап етеді», - деп пікір бөлісті.
Ал әзілдің ортасында жүрген Нұрдәулет Шертім, киноның қызығымен бірге жауапкершілігі көп екенін айтады. «Базарбаевтар» телетоптамасына түсіп, кино әлемінде бағын сынап жатқан «Әзіл-студио» жобасының мүшесі Гүлнар Силбаеваның айтуынша, салыстырмалы түрде «Әзіл-студиода» оқиғалар тез әрі жеңіл өрбитін болса, кинода керісінше кей сәттер ұзаққа созылады екен. Ал белгілі актриса Райхан Халиолдина үшін басты мәселе – жобаның қазақилығы болыпты. «Бүгінгі күні жалпы қазақ көрермендері екіге бөлінген. Ауылдағы ағайын мен қала халқы. Қалалықтар көбінесе теледидардағы қазақы хабарларға назар аудара бермейді. Сондықтан, осы екі аудиторияның да көрермендеріне қызықты болатын жоба болсыншы» деп өтініш айтыпты. Түсірілу алаңында жоғарыда аты аталған актерлермен қатар Аида Жантілеуова, Дастан Қалдыбаев, Нұржан Тұтов, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Бақыт Әліпбаева сында актерлерді және «Базарбаевтар» отбасының еркесі рөлін сомдайтын жас актер Әлихан Байсұлтановтарды байқап қалдық.
Бұл жоба Нұрлан Қоянбаевтың кино саласында жасаған «біссіміләсі» болмақ, Егер бұл туынды көрермен көңілінен шығар болса, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, тағы да қызықты иделарды жүзеге асыруға күш саламыз, - дейді Нұрлан Қоянбаев. Алайда жаңа жоба Қоянбаев мырзаны сахнадан алшақтатады деген сөз емес. Керісінше, продюсер, көрермендермен сахнада да, оның сыртында да бірге болмақ.
«Сырласу» журналы, № 2 2012 ж.